Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  198


Автор: Рахат Қосбармақ

ТӘУБЕ

Арда едім – адамзатқа бағынбаған,
Алақан жайып, жанға жалынбаған.
Тілімді кесіп алар болса-дағы,
Тірлікте тірі жанға жағынбаған.
Азғантай несібем мен нәпақамды
«Алланың бергені» деп қабылдаған.
Бұл күнде бұлағайдың бұлты көшіп,
Секілді сезімдерім дамылдаған.
Жанымның жарқылдаған оттары өшіп,
Жанартау сөнгендей ме жалындаған?!
Семсерін қайсарлықтың сертке ұстаған
Жаутаңкөз жасқаншақтық тағы ұрлаған.
Кешегі кесек турар ірілік жоқ,
Орнында – өкпе-қатық қабындаған.
Басылып қалғандаймын, бағым ауып,
Басына түссе пенде, нағылмаған?!
Сүйкімсіз біреу болған сияқтымын –
Сүймеген, сүйсінбеген, сағынбаған.
Құдай-ау, оты қайда отыз бестің,
Жігері жиырма бестің арындаған?!
Бозбала болып, күйіп-жанбағандай,
Жандаймын жауһар жүзік тағынбаған.
Санаңа сабыр ноқта салады екен
Ақылды тоқтататын шағында адам.
Алладан аян келді ақша бұлт боп,
Дейтіндей: «Басыңдағы бағыңды алам».
Қош енді, қормалы жұрт, қордалы елім,
Қайыр, хош, қабір-далам, лағыл-қалам.
Алладан пәрмен келсе, қайсың барсың
Қазықтай қара жерге қағылмаған?!
«Қор болар қорқасоқтап, жан аяған,
Жөн болар шаршы топта шағынбаған.
Өлермен өнбейтұғын істі қуар,
Жарымес Жаратқанға шабуылдаған.
Қу кеще, ақымаққа айналады –
Құла түз қуа берсе сағымды адам.
Қызыққа ешқашанда тойған емес
Қызылды-жасыл дүние-бағында адам.
Шырағым, шыдамменен күте білгін,
Шырағың қалса егерде жағылмаған.
Байырқа, басы-байтақ жүре бермей,
Малындай Маңғыстаудың бағылмаған.
Қазылған секілденіп қабірнамаң,
Жазылған сияқтанып «Бабырнамаң»;
Несіне жетісесің, сақ-сақ күліп,
Сайтанның сапалағы – сағыр-балам?!
Тағыңнан дұрыс болар – табан ауып,
Қағыңнан жеріп, босқа қағынбаған».
Деп бүгін ақыл айтып, аян берді
Ақиқи Адам Ата, Абыл бабам.
О, Алла, осы ма еді көрсетпегің,
Томсардың маған неге, мағұл-ғалам?!
Жүзімді құбылаға бұрайыншы,
Һарундай Хақ бұйрығын қабылдаған –
Құрығанда айнала, жан-жағым да аман,
Тұрғанда басымдағы бағым да аман...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу