Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  153


Автор: Рахат Қосбармақ

ӨМІРЗАЯ

Қайтейін сұм дүниені «жалған» демей,
«Қаншама мұңлықтардан қалған» демей?!
Қаласың сен де бір күн қақсап-қақсап,
Қара жердің астында, қайран көмей!
Зиратқа зиялы ағаң бастап барып,
Жатасың жер астында тас қапталып.
Тоймаған жарық дүниеге жанарыңды
Көмеді көр-топырақ тастап халық.
Тұншығып үнің қалар наз ұққандай,
Тыншығып тілің қалар, тозып таңдай.
Жазылған жазмыштағы бар бейнетің
Жабылар топырақпен жазық маңдай.
Ұмтылып білек қалар, батыр білек,
Жұлқынып жүрек қалар ақырғы рет.
Там салып, тастан белгі ел орнатады,
«Тарихқа қалдырдық қой атыңды» деп.
Сен де бір пақыр-пенде өкілі едің,
Желпініп тынасың ғой, жетімегім.
Тірлікте тірі жанға дес бермеген
Тістеніп басылады көкірегің.
Бағдар боп, болашаққа бал ашқан ба ой?!
Созылып жатар сосын таласқан бой.
Талқаның таусылған соң бұл фәниде
Қалқаның – қара жер мен көк аспан ғой.
Есігін екі дүниенің ұстарыңда,
Алқымнан ажал келіп қысқанында;
Артыңа қарай-қарай аттанасың,
Аманат-жаның көкке ұшқанында.
Бақиға бармайтұғын пенде бар ма,
Аллаға қарсы тұрмас мыстаның да.
«Үйіңе» үш буылып түскеннен соң,
Күйіңе күле қоймас дұшпаның да.
Тірлікте қандыра алмай құмарыңды,
Табасың тар қапастан тұрағыңды.
«Қараңғы – барар жерің» деп айтады,
Сондықтан сайлап алғын шырағыңды.
«Байқасаң, бақида да жау бар» дейді,
«Барғасын, барлық пәле қаулар» дейді.
«Тірлікте жағып өткен шырақтарың
Отың боп о дүниеде лаулар» дейді.
Беу, пенде!
«Тіршілікте тиер» дейді,
«Өлгесін, басыма алтын үйер» дейді.
«Жұмбағын бұ дүниенің шешкен жанға
Жұрт түгіл, жұлдыз басын иер» дейді.
Жүреміз екі күнде бір ерегес қып,
Бірікпей, ер жеткесін бөлек өстік.
Баршаның баратұғын жері мәлім,
Өмірде сонда не үшін төбелестік?!
Айға да ала ит болып үріп жүрміз,
Байға да «Байғұс-ай!» деп күліп жүрміз.
Сұм жалған бес-ақ күндік тірлік болса,
Сонда біз не үшін өмір сүріп жүрміз?!
Санаңды шабақтаса сайтандай мұң,
Аз болмас адамзатқа айтар қайғың.
Алланың алдына бір барып қайтып,
Айтпасам, қазір мен де айта алмаймын.
Басыңнан керуен құрап күз көшкенше,
Дүние мың түрленер біз де өшкенше.
Ей, пенде!
Сен көргенді мен де көрем,
Ендеше «ана жақта» жүздескенше!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу