Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  166


Автор: Рахат Қосбармақ

АТАЖҰРТ

Ей, Маңқыстау, Маңқыстау!
Жапандағы жалғыз тау.
Балдарың шықпай басыңа,
Басқалар бұрын барғыш тау.
Алғаның сенің алғыс па-ау,
Арқалағаның қарғыс па-ау?!
Алға жіберіп өзгені,
Артында жұрттың қалғыш тау.
Сен екеумізге үнемі
Сезімге толып жүрегі,
Нағыз керек боп жүр еді
Намысымызды шарға ұстау.
Басқалар сені «төбе» деп,
Басыңа сиді төбелеп.
Байлығың болса болғаны,
Басқаға өзге не керек?!
Жез қанат тұлпар жебелеп,
Жекенді суды көбелеп;
Жел қуған сынды ебелек,
Мекенін қимай айналған
Мен де – бір жынды көбелек.
Сен екеуміз – егізбіз,
Сең көшірген теңізбіз.
Сексен күн баптап бақса да,
Семірмейтін өгізбіз.
Қабылан-мінез алыптың,
Қатепті жүгін халықтың
Қабағын шытпай тартатын,
Қара нар зілін артатын
Миы айналған мынау заманда
Мықшыңдап тартар әманда
Бір өгіз керек жұртыңа,
Жүгіңді сүйрер жұлқына.
Сұрапыл сондай күші жоқ,
Сормаңдай елмен ісі жоқ,
Өгіздің күші түгілі,
Өлген бурадай сұсы жоқ,
Өңшең бір азғын, әйлеңкес,
Өлімтіктер жайлаған,
Қарақұрымдай қайнаған
Қайран сенің биігің!
Қайнатып көңіл күйігін,
Кімдердің кір табанының
Астында қалды десеңші!
Ай нұрынан қорыған,
Аппақ сүтке жорыған
Жарық дүниеде жалғызым,
Тоңыңды қалай жібітем,
Толмаған орны есең ше?!
Жан аяғы жетпеген,
Жасанды гүлін екпеген,
Жаралған берік сауытын
Жау қылышы сөкпеген,
Жалғыз биігім сен едің –
Жаратқан берген ырысы әлі кетпеген.
Сені де бүгін сетінетіп,
Тектілеріңді тентіретіп,
Отман тауың ойсырап,
Ормандай жұртың қансырап;
Жаттың қолы жағаңда,
Жақсыңды асып бағанға,
Жалыныңды өшіріп,
Жалқы үмітің кесіліп,
Жалынуға мұрға келтірмей,
Жаулықсыз қалған кемпірдей,
Айдап әкеп аранға,
Жаулап алды-ау табанда.
Ағысқа қарсы жүзетұғын шамам жоқ,
Оңай болмай тұр маған да.
Ей, жапанда жалғыз биігім,
Еңкеймесін иінің.
Ешқашанда ешкімнен
Тұрмасын төмен иығың.
Туыңды ерте құлатсаң,
Ту-талақай еліңді
Тұс-тұсына бөлінді
Тұрымтай қылып жылатсаң –
Сен суалсаң, суалып,
Сен қуарсаң, қуарып,
Жүрегі бірге соғатын,
Тілегі бірге болатын,
Уығың болып сүйеген
Мен кімге барып сүйенем?!
Із кесіп тұтас тұманда,
Ілмиіп келед жылан да.
Көк зеңгірді көретін
Бір биік керек қыранға.
Жыланның тілін суырар,
Жын тигендей қуырар,
Кер заманға сай кемеңгер
Керек-ау тәсіл кей-кейде
Кейінгі туған ұланға.
«Қиямет күні қылкөпір
Күтеді» дейді Құранда.
Құраннан құдірет болып па,
Торықпа, жаным, торықпа.
Жасыңды көзден шығарма,
Жақсылық күндер тұр алда.
«Жалғызбын» деп жасыма,
Жау көрінсе, ұранда.
Ту түбінде тұратын
Тұлғалар керек Тұранға.
Жалғыздың жары – бір Құдай,
Жар болғай саған бір Алла!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу