Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  85


Автор: Рахат Қосбармақ

ОЯУ ОТЫРЫП КӨРГЕН ТҮС

...Қашанда хан алжыса, қаңғиды елі,
Ар азып, жан жеңіліп, тән күйреді...
...Бүгін бір бүк түсіріп құлатты да,
Ұйқы боп улы құшақ әлдиледі.
Түс көрдім түгел дүние сыйған соған,
(Ояу-ақ түс көре алар – ойланса адам).
Жетпеді жеңуге сол ауыр түсті
Жиһадтың майданына жиған шамам.
Түс көрдім түгел дүние сыйған соған:
Жеркеніп, тұла-бойым құрысқаны,
Жендет-Ар қыр арқамнан қылыштады.
Жолбарыс-сұрақ біткен тырнап ішті,
Жоныма жүгірткендей құмырсқаны.

Жолбарыс-сұрақ!
Неткен тажал едің?!
Қан ақты қара тастан – қажап едім.
Күй қызық тербетеді терге малып,
Тигізіп алқымыма ажал ерін.
Тақымдап тажал-сұрақ, сырғақтадым,
Таңдайым кеберсіді, құрғап қаным.
Ішімді ит жыртқандай дал-дал қылып,
Салады сояу-сояу тырнақтарын.
Салады сояу-сояу тырнақтарын,
Жын буып, жыртатындай жыр қатпарын.
Жүгендей алмай соны, жаттым жалғыз,
Жібермей, жермешел боп бір қапталым.
Апырау, аспан аман, бұл қалай-ды?!
Көлдетсем, көздің жасы құрғамайды.
Жаралы жолбарыстай ыңыранып,
Жанымды жауыз сұрақ тырналайды.
Ол сұрақ:
«Заманыңның аты қандай?»
Бір күнің бір ғасырға татығандай –
Осыған жауап таппай отырамын,
Ойланып, атқан таңды батыра алмай.
Отырам шыққан күнді батыра алмай,
Бір күнім бір ғасырға татығандай.
Қараймын жоғарыға артын аңдай:
Көгімнен көк бұлт боп кеп, ағат бассам,
Әруағы аталардың ақырардай.
Сұрағың: «Мына заман – қандай заман,
Арасы Ар мен Жанның шалғайлаған?!».
Халықтың атынан сөз аламын деп,
Қасқа боп күн кешірген қандай жаман?!
Шеше алмай мың түйінді, мылжаландым,
«Құдайым, қолдай гөр!» деп, құр жаландым.
Асықпай он ойланып, тоқсан толғап,
Ақыры атын қойдым бұл заманның.
Деп қойдым атын оның «Арсыз қоғам»,
Шымырлап, шындығынан жан сыздаған.
Арлысы тыр жалаңаш тыртаң қағып,
Ұятты ұзақ күнге нәр сызбаған.
Деп қойдым «Арсыз қоғам» атын оның,
Жанассаң, жатқа айналар жақын ерің.
Қағандай қайырусыз кеткен қоғам,
Таба алмай талықсыған Ақыл емін.
Құдайшылық қасиеті құрып кеткен,
Ұрпағын уландырар ұрық төккен;
Алжасқан ақылынан аң-қоғам бұл,
Ағашқа Ар-көйлегін іліп кеткен.
Аш қоғам, арсыз қоғам, қасқыр қоғам,
Байлықтан басқа затқа бас бұрмаған.
Қаңғыған қара түнде қарақшысы
Қалғыған қарт зираттан тасты ұрлаған.
Халқыңа қай мықтың бар қас қылмаған?!
Аш қоғам, арсыз қоғам, қасқыр қоғам.
Көре алмай атар таңды, шығар күнді,
Қан құсып, қара албасты басқыр қоғам.
Ей, қоғам!
Есің бар ма, көшің қайда,
Көрсетпек хикметің осындай ма?!
Күні ертең күліп бізге келер ғасыр,
Шошайтып саусақтарын, шошынбай ма?!
Айтшы енді,
Дертің бар ма асқынбаған?!
Жүз тілім жүзімізді жас тырнаған.
Кеудемді кернеп бүгін кек толқыны,
Тас толды тамағыма тасқындаған.
Туралап тастайтындай туған айды,
Ұлымай, қасқыр-қайғым уралайды.
Маңдайға дыңғыр-дыңғыр дыбыс толып,
Маңымды бұлдыр-бұлдыр бу қамайды.
Тіршілік біткен бүгін тоқырады,
Құлшынып, құлдар ғана құтырады.
Жабығып жансыз әлем отыр, әні,
Жанымды әлсіз әуен шақырады.
Күн сөніп, Ай аңырап, Жұлдыз жылап,
Көгімнен келе жатыр бір мұз құлап.
Жас түстес, жалтыраған жансыз мұз бір,
Жарығы жылытпайтын күндіз бірақ.
Сүңгі-мұз құлап келе жатыр, әні,
Сүп-сүйір аузы қанды қақырады.
Жұтады қан аралас қақырықты
Толқыған туған жердің топырағы...
(..Қанатын қағып келер сан ғасырға,
Қарлығаш-түсім әлі жалғасуда.
Миымда мың-сан сауал найзаласып,
Екі дай екі дүние арбасуда.
Арбасуда... Түс әлі жалғасуда..)
...Сылаңдап сыңар аққу айналады,
Бұраңдап бұлақ біткен ойланады.
Сансырап жатқанымда сал аурудай,
Сайтан-қыз самал жел боп аймалады.
Құшақтап құрсау қолмен, қу қыз өпкен,
Құрғырды жұлып түстім жұлдыз-оқпен.
Түнерді жұлдыздар да түсі суық,
«Ай емес, біздер ғой, - деп, - түн күзеткен».
Қаштым мен түсі суық жұлдыздардан,
Қанжардай түстерінен су мұзданған.
Қаңғырып, қаша-қаша қайтып келдім
Баяғы лас әлемге қу қыз қалған.
Қарсы алды ол: «Қаңғып қайдан келдің, шалым?!
Қасқа боп, елестерге ердің сағым».
Мына дүние мені әзір құтқармайды-ау,
Мың рет айналсам да Жердің шарын.
Жаратқан!
Жарты өміріме несібе бер,
Берсең сен несібені – иесіне бер,
(Абайсыз артық берсең, есіреді ел).
...Жанымда сайтан сыңсып, малғұн мәулір,
Жарылға, кең Құдайым, кешіре гөр!
Ұят – кем,
Арым – бүкір,
Түкір алға,
Арым жоқ болғаннан соң құтырам да.
Бүгінде бүкір Арды кім түзетер,
Көр ғана түзетуші бүкір Арға.
Көр ғана түзетуші бүкір Арға,
Бәрі көр қара жердің шұқығанға...
...Әлсіреп бара жатып... әзер тұрдым,
Әйтеуір түсім екен...
Шүкір, Алла!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу