Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  157


Автор: Рахат Қосбармақ

Біздің ұрпақ!

Біздің ұрпақ!
Үнем болмас құйған ас,
Күтпе ешкімнен сындырық-нан, сый-қалаш.
«Балам-ау!» деп бастан сипап бізді ешкім,
Бақыт құсын, бақ тұғырын сыйламас.
Біздің ұрпақ!
Ашылса да көзің кеш,
Білгеніңше өз түйініңді өзің шеш!
Тірлік етіп, тіл беземес біз үшін,
Біздер үшін ешкім енді езілмес.
Емексітпес, ел пейілі жазылар,
Көмек күтпес көкірегінде көзі бар.
Біздің ұрпақ – бітпейтұғын сөзі бар,
Өгей болма, өз наныңды өзің же,
Өз еліңді өзің қорға, өз несібеңді өзің ал!
Алдымызда асау бөгет, мол белес,
Біздер емес ақырғы адам, соңғы елес.
Алдыңғыдан артық та емес, кем де емес,
Біздің толқын еш толқыннан сорлы емес!
Көкірегіңді толғандырған сөзіңді айт,
Не тілегіңді арман қылған кезіңді айт –
Енді ешкімге есең кетпес үшін де
Біздің ұрпақ, мінбеге шық, сөзіңді айт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу