Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  197


Автор: Рахат Қосбармақ

АСЫЛ ӘКЕ

Асыл әке,
Ақ жүзіңді сағындым,
Сен кеткелі көңілім – пәс, жаным – мұң.
Кете бардың қарамастан артыңа,
«Бір көрсем» деп Жаратқанға жалындым.
Асыл әке,
Қысқа болды-ау ғұмырың,
Жүрегімде жаңғырығып жүр үнің.
Шағаладай жетім қалған айдынсыз,
Шарқ ұрады өзіңді іздеп құлының.
Асыл әке,
Аппақ еді тілегің,
Адамзатқа ашық еді жүрегің.
Есіміңді ескерусіз қалдырмас,
Тірі болса ұл-қыздарың – тірегің.
Сен кеткелі жаз да өтіп, күз келді,
Күзбен бірге көңіліме сыз келді.
Жатқан жерің жайлы болсын, жан әке,
Желеп-жебеп жата бер тек біздерді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу