Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  99


Автор: Рахат Қосбармақ

АЙҺАЙ, ДҮНИЕ!..

Боз атқа ырғып мінерміз,
Боз беткейге шығармыз,
Бозбала-дәурен сүрерміз.
Дембелше келген денені
Деңментпен берік буармыз.
Ағима шекпен киерміз,
Ақ найза қолға алармыз,
Әруақтап жауға тиерміз.
Қаһардың мініп қара айғырын,
Қабыландай бүлік салармыз.
Көк байрақты көтеріп,
Көкжиекті бетке алып,
Көш-керуенге жеке еріп;
Қалың нудай топтанып,
Қара көзіміз шоқтанып,
Шабармыз жауға шаттанып.
Зар тербеп жалқы жүректі,
Заманның жалына жармасып;
Ақ түлкідей арбасып,
Айқын соқпақ таңдасып;
Біріктіріп білекті,
Тоғыстырып тілекті,
Жол шегерміз жонды асып.
Қабағын жауып, қабарған
Қалпағын алып қара орман,
Қарсы тұра алмай қалбаңдап;
Көз алдыңда көлбеңдеп,
Өткел бермес өңмеңдеп
Дария біткен далбаңдап;
Ырқынан әбден айрылып,
Ығысып жүре берер-ау.
Арғымақтың жанарын
Ақ ала шаңыт көмер-ау,
Ардағым сонда өлер-ау
Аламан бәйгені армандап.
Құзғын құстай құралып,
Жыртқышқа жем боп, жыланып;
Жығылған келіп алдыға
Зымияндардың жыланын,
Зымыстандардың лаңын
Зынданға салып, қинармыз –
Құныкерімізді өлтіргендей
Құмарымызды қандыра.
Ой қозғаған көсембіз,
От ауызды шешенбіз.
Омырауымыздан жел есіп,
Отты суды кешерміз.
Отман таумен теңесіп,
Осылай да-осылай өсерміз.
Сілекейленген быламық,
Сірне-сірне мұңдардың
Сілімтігін шығарып;
Сілкінерміз сөйтіп біз,
Бураға салып бұғалық.
Айһай, сүйткен күндерді
Ақиқат бастан кешетін,
Алаштың қамын жесетін,
Атты заман туар ма –
Азық қылар армансыз
Төбелескен дұшпанның
Төрт бөліп жеп төс етін.
Сомадай болып жүрер ме ек,
Сондай бір дәурен сүрер ме ек –
Әлсізден емес,
Арсыздан тауып тоятты;
Айдай әлем бас иіп,
Алшаң басып аяқты.
Қара жердің қауызына сыймай, талтаңдап,
Шалқақтағандар шатқаяқтап бір, тепеңдеп;
Бозқасқаны болып қаңтармақ,
Қараша үйден қаракөз сұлу жар таңдап;
Айһай, дүние,
Мұратымызға жетер ме ек,
Мұртымызды балта шаппай,
Осылай да-осылай өтер ме ек?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу