Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  183


Автор: Рахат Қосбармақ

АНТОНИМ

Мен жамандық көп жасадым Адамға,
Адам азап көп шектірді маған да...
Жан қалайша таза болсын –
Ізгілік
Реанимация үстеліндегі қоғамда?!
Мен жауыздық көп жасадым Адамға,
Қарымтасын қайтарды көп олар да.
Әлем қалай азат болсын –
Ақиқат
Дар ағашын босатпаған ғаламда?!
«Адам» деймін,
Адам ба олар, тәйірі,
Айуаннан да асып түссе айыбы?!
Адалдықтың ақ кемесі батқанда,
Аман қалды қарау ойдың қайығы.
Аман қалды ол бар залымның бағына,
Ажал оғын себер ме екен тағы да?!
Ұры ой кірсе әлдекімнің көңіліне,
Үрей кірген Адамзаттың жанына.
...Жеті басты ит жер шарына жар сап тұр,
Қан сасыған қалың кебін қоршап тұр...
...Елес пе екен, не болды өзі, дүние-ай,
Екіұдай кіл ерегістен шаршаппын...
...Жанында, әне, Жауыздық тұр шалқайып,
Жанарынан – жарық, жүзден – әр тайып;
Аппақ қудай, алжып біткен Адалдық
Қалт-құлт етіп, қалыпты әбден қартайып.
Ақиқатым – ақ кептерім көктегі,
Қанша созсам, қайран қолым жетпеді.
Жендет-Ажал желкеңде тұр жекіріп,
Жатырмысың жантәсілім еткелі?!
Намыс-отқа қойып кетті нар Ақын,
Қанатының астына алып қара түн...
...Сахналық көріністен шаршаған
Сана біткен сабалайды қанатын...
Пьеса бітті...
Күрес біткен жоқ бірақ,
Ауыздардан арам тілек атқылап;
Трагедия аяқталды...
Тұрды жұрт
Алақанды ауырғанша соққылап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу