Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  112


Автор: Рахат Қосбармақ

АҚИҚАТЫ ОСЫ...

Аттамай-ақ ала жібін шындықтың,
Аштан өлмей, көшке ерген ғой атамыз.
Уағызы мансұқтайтын ұрлықты
Ұлы томды ұрлап бара жатамыз.
Түндер бойы май ішкендей мазамыз,
Төңбекшиміз, түріп тастап түндікті.
Ұлы-ұлы томдар сосын жазамыз –
Уағызы мансұқтайтын ұрлықты.
Күле қарап, күл шашатын өткенге,
Мазақтайын маска киген бетіңді.
Адам біткен алдамшы боп кеткен бе –
Афинаның ақындары секілді.**
Күні өткенге күйінем деп, досым-ау,
Өткен іске бола өртенбе, өкініп.
«Өмір деген сахнада осынау
Өз ролім бар» деуің де – өтірік.
Сен өзіңнен кете алмайсың сәлге ұзап,
«Қасқа соқпақ қалсын, - десең, - артымда».
Пешенеңе жазылар сол жалғыз-ақ:
Бар қимылың – Құдіреттің қолында.
Ұлуға ұқсас бірдеңе бар үніңде,
Төгіп көзден жан-дүниеңнің жаңбырын;
Жалт бересің таңда – маһшар күнінде,
Жаратқанға жабасың да барлығын.
Сосын бәрің состиып кеп тұрасың,
Аллаң түгіл, анаңды да танымай...
...Арқалаған адамзаттың күнәсін
Беу, ғаламат
Һәм бейшара Тәңір-ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу