Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  105


Автор: Рахат Қосбармақ

АЙДЫН СУ

Асқар тауды аласартар айбын бар,
Ей, айдындар, айдындар!
Ақ бұлттарға алақаныңды жайдыңдар.
Көбігіңе көп түкірген қай мұндар –
Сілекейдей сірнеленген мұңың бар,
Қырыққабаттай қатпарланған қайғың бар.
Жақсы еді ғой бұл күніңе жолықпау –
Өз биігін өлшей алмай өліп қау;
Бел ортадан үзілгендей берік бау,
Етек жаққа түскендей ме еріп тау –
Толқындарың топан-дария тұрғызған,
Толы суың тобығымнан келіпті-ау.
Әлі де бір әруақ шақыр, әрің кір,
Құдіреттеніп, құба шыңды бағындыр.
Шапшы, толқын, шайсын сары сабын кір,
Сары жағалау, шабыңды түрт, саныңды ұр!..
...Кемеліңе келмесіңді сезе ме –
Кемеріңе кез-келген ит сарып жүр.
Беу, байтағым, байтағым-ай, байтағым!
Қабағыңды жиектеді-ау қайта мұң.
Жасыма, айдын, жойқын сумен жайқағын,
Көрсетші бір шапшыманың сайқалын!..
...Айқай болып алқымыңа тығылды-ау,
Аң боп кеткен «адамдарға» айтарың.
Адамдар-ау, ақ көкірек, ай-пейіл,
(Айта салған сөз емес бұл жәй, тегін)
Айдын судың ауруының айт емін.
...Ата тегін – айдын-дария әйкелін,
Судан шыққан сұмырайлар екенін,
Су ми пенде білмей жүр-ау, қайтейін?!
Ал, қайтейін,
Безбетіңді шымшы бұлт,
Арам Аспан, қуана күл құлшынып;
Сезімсіз Күн, сен де жыми бір шығып,
Қарқылдап күл, қасиетсіз тіршілік!..
...Өңшең доңыз ойламайды-ау өлем деп,
Өзі өлтірген өлі суға тұншығып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу