Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  337


Автор: Рахат Қосбармақ

ҚҰДАЙ

Талай тағдыр шырқ үйірілген тар шеңбердің ішінде
Таланыңа жазған сый бар.
Түсін, мейлі, түсінбе.
Айналыстан шықпайтұғын ақсақ, соқыр ЖАН барда
«АДАМ – ПЕНДЕ» деген сөзге, айналайын, таңғалма!
Маңып келем: жүрегіме жүк қып артқан мұңым бар,
Маңдайымда – қан тамыр боп жамырасқан бұлақтар.
Екі дәмді, ей, ТІРШІЛІК: бірің – тұз да, бірің – бал,
Сенен әбден жеріп біттім...
ҚҰДАЙ!
Сізге сұрақ бар:
Салмағымен сансыратып, атан нарды құлатар,
Ауыр-ауыр қылмысыңды артатұғын жоқ па есек?!
Менің мынау қанға батқан қолдарыммен КҮНӘҺАР
Ойландың ба бір сәт болсын «Отырмын, - деп, - от көсеп»?!
Сен емес пе шығарған да ләукун-махфуз тақтаны,*
Сендірдің ғой «ЖАЗМЫШ» яки «ПЕШЕНЕ» деп айдарлап.
Шахматыңның тасы болса шаттығымның шақпағы,
Қақ басымнан теппей қайтсін қаңғып жүрген қайран бақ?!
Бір шындық бар айнымайтын ақырзаман болса да:
Біздің бүткіл қыбырымыз – ҚҰДІРЕТТІҢ қолында.
Біз – тек қана ҚҰЛДАРЫМЫЗ қошеметтер қол соға,
Қылығыңа сай сыйың бар – бағың ба, әлде сорың ба?!
Ал, ендеше, АХИРЕТТЕ атып шығып алдымнан,
Айыптайсың неге мені, АР-ТАРАЗЫ дайындап?!
БЕС КҮН ТІРЛІК – белгім ғой ол жер бетінде қалдырған,
Бекер шөгіп кетпес пе едім, у ішсем тек уайымдап?!
Мүмкіндік жоқ ақталатын АҚТЫҚ СӨЗДІ айтуға –
МҮҢКІР-НӘҢКІР – жарты Құдай жалаңдатар қылышын.
Қаһарман боп қарсы сөйлеп, қайрат қылар қай тұлға,
Қатар қойдың СЕН дүниенің ұлысын да, ұрысын.
Жоқ, ЖАРАТҚАН!
Жерінші өзің жоба-дәстүр, жолыңнан,
Ғаділдіктің ақ жолында қанша ғазиз көз жұмды!
Соның бәрі – Сенің жалғыз сермеп қалған қолыңнан,
Сорлылардың күнәсі үшін СОТТАУ КЕРЕК ӨЗІҢДІ!
...Өз ойымнан өзім шошып, өзіме-өзім қосылмай,
Өлең-жырдан өрген күміс тұсау салар Сезімге Ой.
Кей кездерде ойға қалам осындай да-осындай,
КЕШІР, ТӘҢІР!..
Бұл сөздерді айтқызған да – ӨЗІҢ ғой...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу