Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  425


Автор: Рахат Қосбармақ

МҮҢКІР-НӘҢКІР

- Шындығыңды айт!
Бір тынбай кеп,
Ширатылып, шымшылап;
Сталиннің мұртындай боп,
Ысқырынған бір сұрақ.
Оның аты – «Осы рас па?»,
Омыраулап, өңмеңдеп;
Төбесі – таз, басы – қасқа,
Төріме де келді өрлеп.
- Шындығыңды айт! – дейді мәңгі,
Түндігімді тілгілеп.
Кешпейді ол кей күнәмді,
Жұдырығын тұр білеп.
Ей, сұрақтар, кіл есер көп,
Ең ауыры қайғымның:
Сендерменен тіресем деп,
Сенімнен де айрылдым.
Өзім білген өлшеміме
Өтірікті суғардым.
Сенімсіздік семсеріне
Сексен рет туралдым.
Жалғыз қалдым бір шоғырдан,
Жаным – жалғыз, себебі.
Қайқы сұрақ қыр соңымнан
Қалмай қуып келеді.
Қуып келеді...
Пенде тұрып,
Менде қандай жыны бар?!
Түбі мені көрге тығып
Тынатұғын түрі бар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу