Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  379


Автор: Рахат Қосбармақ

АВТОПОРТРЕТ

Қайран көңіл қанша рет жем боп, талай жер соқты,
Қасқа маңдай қаншама қауіп-қатер жол шекті!..
...Кеше маған келді де, дәл өзімнен аумайтын
Келімсекті алып кеп, кейуаналар көрсетті.
- Өте ұқсас жандардың өліп, бірі жоғалар,
Өмірге егер егізі келсе, - күліп деді олар.
Тамағыма ашуым тасқын болып тығылды:
«Тапқан екен тап жауын табанға сап, табалар!».
Тесіліп кеп қарадым, тереңнен бір алдым дем,
Ұсқынсыздау түрімен ұқсайды екен ол бірден.
Мейірхан мен Махмутты қатар қойып көргендей,
Мең-зең болып қалдым мен.
Бірақ... бірақ...
Зер салсам – жүрегі жоқ, жаны жоқ,
Отыз жеті градус ойнап аққан қаны жоқ.
Шемен-шемен қайғы ішіп, шелек-шелек қан жұтқан,
Шермиген тек қарны бар...
Қалдым әрі-сәрі боп.
- Танысайық, - деп күлді ол табылғандай серігі,
Талқан болған тасқа ұқсас тістерінен жерідім.
Қопаң қағып, бас иді қолапайсыз қимылдап,
Қолына алып бөрігін.
- Көңілің сенбей отыр ма?!
Менің атым – Көшірме,
Көшірмең де көп емес – көлдей болып, есірме!
«Мүсәпірлеу пішінде мүләйімсіп тұрғанмен,
Мүттәйім ғой мынауың!».
Келдім сондай шешімге.
- Абай болғын, - деді ол, - айнаң емен мен сенің,
Автопортрет қанамын – ажырамас бөлшегің.
...Есік алды топтанған кейуаналар күбірлеп,
Екеу-екеу бөлініп, тарап кетті...
Тершедім...
- Сен, әрине, шошыма – сезімі жоқ суретпін,
Сендік жүрек ет пе, әлде...
Соны ғана білмекпін...
Бойымда бір қорқыныш, бопсасына төзбек боп,
- Босағада не тұрыс?! Бол, тез ішке кір! - деппін.
Ішке кірді ол ілмиіп, ұзын екен өзі де,
Ін түбінен қарайтын іш жидым тез көзінен.
Өңі сұсты өліктей, қарны жерге шұбалған,
Қарадым да, қарманып, қашпақ болдым безіне.
Ту сыртымнан қапсырып, тылсым бір күш құл етті,
Тұтқын болдым мен оған. Тұла-бойым дір етті.
- Жібер, - дедім тістеніп,
- Жігітсің ғой, - жымиды ол,
Жидіп тұрмын, күлкісі жігерімді құм етті.
Аяқ деген қарысып, ағаштай боп қалды енді,
Асықпастан аяңдап, аралады ол бөлмемді.
Құлаққа ілмей сөзімді, қиратты-ай кеп сонан соң
Құдайдай қып төріме ілген барлық бейнемді.
Ал қиратты, қиратты...
Асыл көріп жүргенім
Аяқасты боп түбі қалатынын білмедім.
Өрнектеген жиегін өз суретім өлік боп,
Өлердей бір қорланған кезім шығар бұл менің.
- «Автопортрет» деп соны жүрсің-ау сен, ақымақ,
Ақын болғың келеді ақ қорғанда жатып-ақ.
Адам болмақ ойың бар, - деп мысқылдай мырс етті,
- Айнымайтын өзіңді өз ақшаңа сатып ап.
Өн-бойымды өлшеусіз тер жуды-ай кеп, мұз қарып...
- Өй, жетесіз, өлікті отырмысың қызғанып?!
Өзіңді-өзің тауып ал! Өзіңді-өзің танып ал! –
Деді-дағы, дем басып, шығып кетті сызданып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу