Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  94


Автор: Рахат Қосбармақ

СЕЗІММЕН СЕМСЕРЛЕСУ

Пенде неткен өзімшіл!
Ісім – ірік, қылығым – қу, сөзім – шын.
Ей, есалаң, есімі көп ессіз от!
Мен түгілі, Сен деген –
Сергейді де сенделдірген Сезімсің.
Ал, қызыл от, жалаңдаң!
Сен олайша сайқалсыма, жаман қар!
Әп-әдемі ат қойыпты-ау адамдар.
Бұлаңдама!
Құйрығыңа шоқ басып,
Салам қазір Сабыр атты табанға.
Сенің тәтті, улы үніңнен, Жалғандық,
Қолдан семсер түскенінше қорғандық.
Жетер енді!
Желкеңді үзем, жезөкше,
Көп дәндепсің –
Көмек керек болса егер,
Көз жасыңды делдал қып.
Әй, салдақы!
Әйел-тілмен арбама!
Әркімді де әулекі етер Сен ғана.
Тұтқынымсың.
Тулама да, улама,
Тұмсығыңды бұзатын
Туған шығар ер бала.
Жетер енді!
Тыйым салам жекіре,
Алданатын ақымағың мен емес
Ақ борықтай елжіреген етіңе.
Сорлылардың шоқтай ыстық көз жасын
Сақ-сақ күліп, шашайын ба бетіңе?!
Түстің мықтап қасқыр тісті қақпанға-ай,
Сабыр – менің сары алтыным саф таңдай.
Сары ерітінді шаштым безбет жүзіңе,
Қызарғандай болдың-дағы...
О, кенет...
Сары алтыным балқып бара жатқандай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу