Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  62


Автор: Рахат Қосбармақ

КҮНӘҺАР

«Кем болмаспын кертартпа ойлар аманда,
Керегі жоқ оның маған, саған да;
Келіп-кетер пайда да аз ғой одан да» –
Зымияндық зынданына қамадым,
Жылт еткен бір жақсы ой болса санамда.
Тар төсекке талғажау боп бар түнім,
Таңдайдағы сілекейіме малтыдым.
Ындын кеуіп, жалақтаған жалқымын.
Ыс денеме ыссы қасық басқандай,
Ышқынып кеп айқайлады алқымым.
Удан өлгір,
Ұқтың мұнан сен нені?!
Құшақтаудан жеркенеді Жер мені –
Жеркендірер мерез жара мендегі.
Тірлігімнің тілі шыға бергенде,
Ірілігім көз алдымда көлбеді.
Қарауытқан жанарларды бағып құр,
Қабарытқан жүзіме әкеп жағып күл;
Қайғы-есікті қамсыз күлкі қағып тұр.
Қарау ойдың қалды тілі байланып,
Қасіреттің жасын жуып жарық Нұр.
Қалар ма едім жынымды шашып, жығылып –
Аяқ асты Армандарым тіріліп;
Бір Шындығым шыға келді білініп...
Күдігімнің көздері тұр көгеріп,
Үмітімнің үні шықты құмығып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу