Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  69


Автор: Рахат Қосбармақ

ҮШІНШІ КӨЗ

Үшінші Көз...
Үшкіл болып бітеді ол,
Қашан бітеді?
Ал күте бер, күте бер!..
Жоқ, қарағым!
Оны саған ешкім әкеп бермейді,
Және тағы дөңгелек боп келмейді.
Бітеді ол ұшындай боп найзаның,
(«Дөңгелек» деп дау айту...
Ол қай сарын?!)
Мүмкін сенде Үшінші Көз бар шығар,
Жас ақпайды, ақпайды одан тамшылар.
Оның нұрлы жанары
Тәңір жаққа тартылған аппақ жолға шаншылар.
О дүниеде төгілгенмен лағылдар,
Мұнда одан қарақошқыл қан шығар.
Өзінен өзге сенетіні,
Алладан басқа арқа сүйері жоқ,
Бәріміз де – жалғыз-жалғыз қураймыз.
Қайран «Ғұмырнамамыз»...
Қайық салсаң – ізі жоқ, көз батырсаң – түбі жоқ,
Ағып жатқан судаймыз.
Онсыз да өзі сартап болған Сананы
Күлліәлемдік «ілімдермен» улаймыз.
Тастан «Құдай» жасадық,
Тақтық көзін көркем қып.
Өлексемізді сүйретіп,
Өзі түгіл, көзі жоқ
Өтірік бір идеялар отына да өртендік.
Алдыменен «Алғалап»,
Ал Ақылға соң келдік.
Ей, бейшара!
Тәтті ләззат аласың-ау өңез дәмді өз сөзіңнен,
Пенделігіңді бүркейсің кеп,
Қолдан жасап алған сендік «періштелік» сезіммен.
Кеуде керген запыраныңды
Лақылдатып құсарыңа мен кепіл –
Сен одан да қарап көрші мынау арсыз дүниеге
Маңдайдағы қос үңгірмен,
Сонсоң Үшінші Көзіңмен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу