Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  299


Автор: Рахат Қосбармақ

АҢЫЗАҚ

Алау-аптап...
Талықсиды тастарың,
Солығын бір баса алмастан шошқа-Күн;
Шатынайды жұлып сары шаштарын.
Құшағына құлайды кеп сонан соң
Өзі өртеніп жатқан Дала қасқаның,
Артында қап қызыл арай-Аспаным.
«Не көрінді саған, саған, саған?!» - деп,
Сабыр айтып, шаншылады манар Көк.
Күн жынданды: «Тиіспеңдер маған!» - деп,
«Жыныма осы тиіп бітті Адам», - деп,
«Күлін өртеп, жанын қазір жағам», - деп.
Қаны қайнап, қара терге малшынды-ақ,
Қара шәйнек секілденіп қалшылдап;
Улы уытын төгеді кеп бар шындап.
Тасыр Күннің талқысына шыдамай,
Жер дөңбекшіп, Тау күрсінді, Жар шулап...
...Кенет, кенет...
Батыс жаққа қарадық:
Көкжиекке қанат жая таралып,
Көлбей жүзіп келе жатты қара бұлт...
Көкбеттеніп, мың құбылды Күн жүзі –
Көрініп тұр көк Аспаннан бәрі анық.
Қара қолдар...
Шапалақ кеп шарт етті,
Тентек Күннің көзінен от жарқ етті,
Ашулы үні Көкті тіліп, барқ етті.
Аспан асты – алағай да-бұлағай,
Жасын ойнап...
Жылады Күн, зар төкті...
Алды ақыры «сыйын» содыр ант атып,
Майса белдер жонын жазды марқа-түк,
Шалшық болып тұрып қалды сары қатық.
Тасыр көзден тамған ыза-тамшылар
Боз бедеге сіңіп жатты сор татып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу