Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  166


Автор: Рахат Қосбармақ

БІЗДІҢ ӨЛКЕ

Туғызған талай тарлан хас ақынын,
Байтағым, дария боп тасатыным.
Ойынан оркөз қоян ытырылса,
Қырынан қызыл киік қашатұғын.
Түнеріп қарауыл-шың нән өркеші,
Төсінде әуелеген ән еркесі;
Семсерін сертке ұстаған сері халық
Қос ғасыр мекен өткен маң өлке осы.
Топ жыңғыл, тораңғы шөп – қалы-меңі,
Сусыған суырма құм, шағыл еді.
Созылып, сартаптанған сары белі,
Төсінде шаршап-талған кәрі желі.
Қырында мыңғырған мал жайлап өрген,
Қырымда қызыл түлкі айланы емген.
Қыз-қылық бұйырмаған қытымыр жер
Қырысып, қабақ ашпас қаймана елге.
Періште мөлдірлік бар пейілінде,
Перизат сұлулық тұр қою үнде –
Шырылдап ала таңнан бозторғай құс,
Қандырар қара тастың мейірін де.
Күйдіріп шағырмақ күн қыр арқаны,
Төбеден төніп аспан тұрар тағы.
Өрт шалмас, өзен шаймас қорғандай боп,
Өшпейтін балбал тастар мұнартады.
Бері кел, шексіз сағым, шегіне бермей,
Көлбеп бір жатып алшы көгіме көлдей.
Құм басқан құпиялар қопарылып,
Тіл бітіп, ымараттар тебіренердей.
Қабарып қабақтары қазынды-орлар,
Әр тұсқа әкетуге әзір жолдар.
Төсінен құм көшіріп жентек шағыл,
Кемсеңдер кебіртекті жазық жондар.
Екпіні тасты бұзып, жар қиратқан,
Тұсаулы, түу аулақта қалғиды аттар.
Серттей боп семіп-қатқан сексеуілдер
Секиіп, сес көрсетер әр бұйраттан.
Тағы бір майдан-бәйге басталмақ па –
Ен жайлау, еркін өріс хас саңлаққа;
Орғыл құм, орама жол адырларым
Шақшиып қарап қапты аспан жаққа.
Құдайға құрмалдық қып тасаттығын,
Анау бір ақ мүсінді жасапты кім?!
Шаншылып тұрып-тұрып шырқау көкте,
Шалдығып жығылады шашақты күн.
Ерлерім ерін басқа жастаған жер,
Серілерім сертке кісе тастаған жер.
Мұңайды көк жүзіне көзін сүзіп,
Татырға тұна қалған тостаған-көл.
Нендей сыр аңғартады әр күн неден,
Қуаныш көз қыса ма жанды үрлеген?!
Ну сурап, тусыраған байтақ өлке
Басады жан алауын жаңбырменен.
Жүрекке жып-жылы боп жырың дарып,
Билейді бикештейін түн ырғалып.
Сызылып күміс табақ Ай туады,
Сырғалы келіншектей күлім қағып...
...Тартылды теңіз бітіп, терең неғып,
Сарқылды темір төзім өлең бағып...
...Жымыңкөз жұлдыз біткен жылап тұрды,
Қосаяқ жүгіреді бебеу қағып.
Жылғалап өзен ағар жәй, жабырқап,
Қарайды аңқау көңіл Ай таңырқап...
..«Бір кезде қара нұлық жер еді» деп,
Қайсыңды сендірейін, қайран ұрпақ?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу