Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  119


Автор: Рахат Қосбармақ

ТАБИҒАТ ПЕН ТАҒЫЛЫҚ

Иранның гүлжазира кең алқабы,
Көз ұшы көкжиегі мұнартады.
Ен жайлап, еркін өскен ел тірлігін
Тағдырдың тағы қысты қыл арқаны.
Қан исі қолқаны атып қадамынан,
Сығалап қасқыр-аран жанарынан;
Келеді Персияның падишасы,
Қастықтың қанып ішіп шарабынан.
Соңында сансыз қолы қарақұрым,
Танытып тасқын селдің дара ағынын;
Келеді қорқауларша тіміскілеп,
Иранның әр шоқысы, әр адырын.
Қалың қол қаншама елді жауламады,
Бейбіт ел берекесі дауға қалды.
Азадан күңіреніп жер жылады,
Түксиген түнеріңкі таулар, әні.
Халқының басындағы ырыс-құтты,
Ұйыған уыз сүттей тыныштықты
Талқан қып, талауға сап тағыларша,
Жаланып, алдан майдан, ұрыс күтті.
Бұл елге қатал тағдыр қатты қарап,
Жігер – құм, бақыты ұшып, бақ тұралап;
Сөздерін жауыздардың жалғыз ауыз
Жазмыштың жарлығына жатты балап.
Уа, қайда,
Басындағы қайда бақыт?!
Барады бағыңды алып майдан-уақыт.
Сорлы елдің соры арылмай маңдайынан,
Жабырқап батты күні, жайнап атып.
Зар менен запыранға тойса жері,
Қайрансыз, қабырғасы қайысады елі.
Толассыз топалаңға тосқауыл боп,
Тумады-ау бас көтерер қайсар ері.
Жанында жаралы елдің жанбай жалын,
Келеді дұшпан елең қылмай зарын;
Бағынтып күшіменен сом білектің,
Бағынтып ұшыменен көк найзаның.
Әніне әділеттің сөз бермеген,
Жауыздық жалау қадап, кезде өрлеген
Кемсеңдеп тұрды қарап замана-қарт,
Тасжүрек тағылыққа көз көрмеген.
Басшысы басқыншының, ата-жылан
Кир осы ай үріккен атағынан.
Келеді қан қақсатып қадалғанды,
Қаймығып қарсыласқан қаһарынан.
Сұм патша тұнған қара жанына бұлт,
Келеді жаралы елдің жанын алып;
Соңында сойдақтаған ізі қалып,
Соңында сорғалаған қаны қалып.
Бойына жиып күллі күншілдікті,
Қазір де келеді ойлап бір сұмдықты...
...Ат басын тартып, кенет қалт кідірді,
Уәзір қабағынан бір сырды ұқты.
Уәзір ұстай алды тез күреңді,
Түйіліп, түу қиырға көз жіберді.
Қатыгез, қату қабақ жазылғандай,
Мырс етті кезегі кеп сөздің енді.
Аңғартып арсыз, қатал қиянатты,
Жүзіне мысқыл күлкі ұялапты.
Ашулы, асау толқын жатты алдында,
Жатты ағып ағысты өзен Диала атты.
Жарқ етіп жауыздықтың көк байрағы,
Жүзінде әміршінің от та ойнады.
Жатты ағып асау өзен –
Сияқтанып
Халықтың буырқанған кек қайнары.
Тынымсыз тыпыршытып жүйріктерді,
Қалың қол күтті тағы бұйрықты енді.
Әмірші мойнын бұрып уәзірге,
Тынығып, бой жазуға бұйрық берді.
Қалың қол аттан түсіп апыр-жапыр,
Бел шешіп, бейбіт күйге батып жатыр.
Лезде мал сойылып, қазан асып,
Тігілді әміршіге алтын шатыр.
Кірісіп қызу іске бәрі дерлік,
Басталды бір мазасыз әбігерлік.
Алынып алтын қасты ер-тұрмандар,
Шешілді сары шапандар, сары белдік.
Күй төгіп тоқсан толғау, мың өрімді,
Кісінесі кіл тербейтін жүрегіңді;
Шілаяқ арғымақтар шідерленіп,
Шалғынға жайылуға жіберілді.
Ішінде сан жүйріктің ілкі мүсін,
Танытар тұрысы мен тұрқы күшін;
Ойқастап ортасында күрең айғыр,
Оятар атқа адамның құлшынысын.
Талайдың кеудесінің күйік-құсы,
Тегі өзге, теңге тұяқ, биік пішін;
Елгезек, есік омырау, елбең құлақ,
Осы еді Кир патшаның сүйіктісі.
Желкілдеп жібек жалы, жер тебінер,
Мөлтілдеп бала жанар төңкерілер.
Парсылап жібек кілем жапқан кезде
Патшаға тәжіменен тең көрінер.
Қылқұйрық жерге сәл-ақ тимейді асып,
Алдынан бедеу бие күйлей қашып;
Жас тәнін жайқын суға жуғызбаққа
Бет алды долы өзенге билей басып...
...О, кенет!..
Көкіректе күй тұншықты,
Шанақтан саз емес-ау, шиқыл шықты.
«Аттандап», азан-қазан шу естіліп,
Айқайға сүрен қосқан қиқу шықты.
Жағалау қаптаған жан жар кемері,
Тепсініп, тентек толқын кәрленеді.
Ақ үйден атып шықты әмірші де,
Сезгендей сұм жүрегі әлденені.
Жүргенмен бейбіт елге батырсынып,
Қалың қол қалды ұйлығып, жасып, сынып.
Көп жұрттың көз алдында күрең айғыр
Толқынға бара жатты батып-шығып.
Ей, айқай!
Естімейтін кереңге ауыс,
Елірген өзендегі ерен-ді ағыс.
Ауада қалқып тұрып қалды жалғыз
«Арғымақ... суға кетті!..» деген дауыс.
Осылай халық кегі бой көрсетті,
Бұрқанып, бұзады өзен майдан-шепті.
Жиырылып, жүз бүктеліп, жүз жазылып,
Айдаһар-толқындары айбар шекті.
Падиша – бақыт сүйген, бақ қызығып,
Ойларын үлгерген де жоқ тұжырып;
Ілкіде жанарлары жасқа толып,
Ішкі бір пернелері жатты үзіліп...
Айуандай алғаш көрген асау ұлды,
Ақырып, зәр-ызғарын шаша күлді.
Күреңді күте алмаған атбегінің
Заматта зұлпыһармен басы алынды.
Жауыздық!
Жауыздық-ай құйын-құйрық!
О, неткен өлермен ең жұлын-құйрық,
Үйіңді өртер ме еді үйінді-үй қып!..
...Безерген мейірімсіз қалың қолға
Берілді безбүйрек бір зұлым бұйрық.
Қалың қол – қайырымсыз қара дүлей,
Көңілге көргеннен-ақ салады үрей.
Байғұс ел басқыншыға басын тосқан,
Шынымен бағың ауып барады ма, ей?!
Шақылдап қайла-күрек, тіліп жерді,
Қалың қол тағы шала бүлінген-ді.
Иранның қырсық шалған қор халқына
Тағдыры тағы бүгін қырын берді.
Әмірші бір шешімге балақ түрді,
Жылқыдан салақұлаш сары ат мінді.
Жындайын жыпырлаған әскеріне
Жымсиған жылан-жанар қарап тұрды.
Қатыгез қайысса да, бүгілмеді,
Жолына жонын тосып, жығылды елі.
«Садаға кетсін сенен сайтан-су!» деп,
Күреңмен тілдескендей күбірледі.
Жыралап су ағады жырым-жырым,
Сыналап бауырына үгінді құм.
Тұс-тұстан арық қазып ашулы қол,
«Асаудың» алды қағып жынын бүгін.
Жылғалап су жүгірді айналаға,
Жұлқынған қайда кетті қайнар ана?!
Жүз жерден жүлге-жүлге канал қазып,
Ағызып жіберді ақыр айдалаға.
Тістеніп әмірші тұр – нақ төреші,
Бұл ісін Аллаға аян «ақ» демесі.
Арқырап ағып кетті асау өзен,
Жарқырап жатты орнында ат денесі.
Қалың қол тартып берді тағы да алға,
Мұз-сезім жүректерін қарыған ба?!
Қарқылдап қарға-құзғын қала берді,
Мақұлдап, дегендейін «Әлі бар ма?»...
О, сорлы ел!
Жанарыңды жасқа шыла-ай,
Сезіп ем сенің бағыңды ашпасын-ай.
Тағылық үкім кесіп табиғатқа,
Тарихтан тағы бір ат өшті осылай.
Ей, адам!
Айуандығың аз ба осындай?!
...Жер қалды ойдым-ойдым таз басындай.
Әр жерде қалқыма-қақ көрінеді
Халықтың қан аралас көз жасындай..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу