Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  72


Автор: Рахат Қосбармақ

АҚЫН АНТЫ

Тәкаппар таумын –
Жалауын қадап жақсылар жартастарыма жаны ізгі,
Төсімнен тентек теңіздер тау-толқындарын ағызды.
Ентікпей еркін шығатын елеусіз биік мен емес,
Ескерусіз төбе тәрізді.
Бәйтерек жанмын –
Қара тасты да қақ жарып шығатын шынар сияқты,
Ақтүтек дауыл тұрғызып, көкірегімнен күй ақты.
Бозжайнақ мынау дүниенің бозбала-көңіл ұлымын,
Бойына жиған ұятты.
Теңіз мінезбін –
Табиғатыма тән тентектік, жанымда жатыр ерегес,
Кез-келген жанға күлкі емен, кекеткендерге келемеш.
Теріп алғыштың жолында тезекше жатар шашылып,
Тегін дүниең мен емес!
Қайқы қылышпын –
Жауымның жаны мұздайды – жасылданғанда жанарым,
Жарқ етіп жалғыз сермеліп, аламан-ойнақ саламын.
Қара жүрекке қол берсем, қасиеті атсын бабаның,
Қақ бөлінсін ақ қаламым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу