Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  78


Автор: Рахат Қосбармақ

ТӨЛЕГЕНГЕ

«Ақынға керек асаулық пенен ақыл көп»,
Ақ сезімімді айтпауға ешбір хақым жоқ.
Қасыңда жүрген қалай жыршы боп кетпеген,
Оқығандар да ойланып жатыр ақын боп.
Қырмызы қызыл қызғалдақтарын жиып ап,
Қырларға шықсам, сен жоқсың, жаным, қиын-ақ.
Төбесіменен аспан сүйеген таулардан
«Төлеген» деген төбенің өзі биік-ақ.
Сандалма ойлар сарсылтқан мынау санамды
Сезімім тербеп, сен болып сәтке жаралды.
Күмбезді аспан көгінен жұлдыз құлатқан
Көзіңмен сенің көргісі келер ғаламды.
Қарашы мынау қамқа тон, пүліш қырымды,
Қарауыл-таулар иығына ілген күнімді –
Елтіме жанды, еліктей іңкәр дүние
Есіме салды Ертістей ерке жырыңды.
«Кел, сүйші бір» деп, самалға тостым бетімді,
Керімсал демі кержағал мұңды кетірді.
...Тіршілік тілі «Сөйле» деп, сәтке сөз берсең,
Төлеген болып төгіліп кетер секілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу