Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  117


Автор: Рахат Қосбармақ

ЖАЗҒЫ ТҮН. ЖАЙЛАУ. КИІЗ ҮЙ.

Күнгейден тұрса жел демде,
Киізі қағар қалбалақ;
Керіп бір тіккен дөң жерге
Кереге көзді кең қанат.
Шаңырағын шырқау тігіскен,
Шарбағын торлап мықты емен.
Күнге шағылған күміспен
Күлдіреуішін күптеген.
Сымбаты көкпен астасып,
Сылаңдап сынық ай туып;
Қауым боп қапты бас қосып
Қаламдап жонған қайқы уық.
Қыр төсінен қол бұлғалар
Қызыл орамалдан аумады:
Самалмен жайлап ырғалар
Самсаған басқұр-баулары.
Көбеңсіп қалған көңілдің
Көп жұлдыз сүйді бетінен.
Түнгі көк сәуле төгілді
Түрулі түндік шетінен.
Әз-жанды тербеп жыр ыстық,
Әуеден нәзік ән құлап;
Ұйыған уыз тыныштық
Ұйқыға кетті балбырап…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу