Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  73


Автор: Рахат Қосбармақ

Мінгенім – қызыл ма екен, қылаң ба екен...

Мінгенім – қызыл ма екен, қылаң ба екен,
Қызығып тәмам елім тұрар ма екен?!
Қасынан ақмаңдайдың ауылының
Ән салсам, әз қалқаға ұнар ма екем?!
Тартқаным – «Ақжарма» ма, «Адай» ма екен,
Аузыма алқалы топ қарай ма екен?!
Беу, жалған, қызы да көп, қызығы көп,
Дариға-ай, сені қиып қалай кетем?!
Салғаным – «Гауһартас» па, «Айдай» ма екен,
Өзекті өрт-өкініш жайлайды екен.
Жақсыны жауыз ажал қоймайды екен,
Қара жер қанша алса да, тоймайды екен.
Алғаным – ару ма екен, арман ба екен,
Арманда талай пенде қалған да екен.
Дүбірлеп өрісі ауған киіктейін,
Дүние – өткінші бір жалған да екен.
Кигенім – кемер белдік, кең бешпет пе,
Беу, тағдыр бейшарамен белдеспек пе?!
Бұлтартпай қалай айтқан бұрынғылар:
«Бұл жалған қайта айналып келмес» деп те.
Үкілі домбыра ма – ұстағаным,
Үзілтіп салған сазым, құштар әнім?!
Баянсыз тіршілік-ай, байлауы жоқ,
Жүзіндей қылпылдаған ұстараның.
Басымда – бұлғын, сусар бөрік пе екен,
Бұл адам сұм дүниеге жерік те екен.
Бір күні мен де өтермін,
Бұл өмірге
Тәңірмен тартысуға келіп пе екем?!
Жарлының жырым-жырым бөрігіндей
Сетінеп, тоз-тоз болды сенімім кей…
...Аспанда сыңар аққу айналып жүр,
Ақшамда алағызған көңілімдей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу