Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  91


Автор: Рахат Қосбармақ

ЖЫРЫМДЫ МЕНІҢ ОҚЫҢДАР!..

Жырымды менің оқыңдар –
Ала бұлттардың арасында бір күн аунап,
Түстікке қайтса тырналар тобы тыраулап.
Аққулар аңсап айналып ұшса төбеден,
Алқара аспаннан ақ сезім толы жыр аулап.
Жырымды менің оқыңдар –
Көкала түйдек кеудемнен керуен көшкенде,
Тұнып бір қалған ауадай тымық кештерде.
Алғаусыз жанды тербеген алау-сағыныш
Арқадан соққан ақ самал болып ескенде.
Жырымды менің оқыңдар –
Бал-қайыңдардың бала-жел сипап шашынан,
Тар кеуделерде тал-қуаныштар тасыған;
Әр кеуделерде ән-қуаныштар тасыған,
Бар кеуделерде оянған сәтте ғашық-ән.
Жырымды менің оқыңдар –
Дала пейілімен иіген сәтте түз-анам,
Құшағын ашып, құрсауын жазса құз-аран.
Жидеден шапқан қақсауық қара домбыраның
Қайың тиегі қақ бөлінгенде ызадан.
Жырымды менің оқыңдар –
Көкірек толы қыстығып мұңмен көркеуде,
Жыларман болып, жынданар сәтің келгенде.
Шерлі көңілің сеніп ешкімге шешіле алмай,
Сенделген кезде шерменде болып, шерменде.
Ақиық болып жаралады ғой ақындар,
Көре алмайтұғын көкірегі түнек соқырлар
Орақ-тілімен ормандарды өртер отым бар,
Шыға алмай кеткен шоқтығы биік шоқым бар –
(Айтуға мұны хақым бар),
Жырымды менің оқыңдар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу