Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  81


Автор: Рахат Қосбармақ

ТҮННІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Мен – көз жасына қалған адаммын,
Кімдікі екенін айтпаймын бірақ.
Өмір базарына барғалы алаңмын,
Өзгелер сынды қайтпаймын жылап.
Өзгеге басын игізбес адам,
Өтсе де кілең өкіндіріп көктем.
Саусағымның ұшын тигізбей саған,
Он алты жасыңда опындырып кеткем.
Жарығым, сені жылатып кеттім,
Көрсеқызарлықпен, көрсоқыр болып.
Бәйтерегіңді құлатып кеттім,
Көңілің мұңмен көрші отыр қонып.
Байғұстың енді басын балталап,
Арыған жанды азаптамаңыз.
Жазықсыз қыздың жасын арқалап,
Жанатын жанмын тозақта нағыз.
Шаршаған арсыз жындылықтардан
Күнәсіз жаның күрескір еді.
Сыңғырлау жақта шыңғырып қалған
Сенің даусыңды кім естіп еді?!
Селеудей жұлған сезімнің шашын
Қырттарға кімдер қынжылып еді?!
Көкірегіңе тамған көзіңнің жасын
Көктің суы емей, кім жуып еді?!
Құйттайымнан-ақ құрылды қақпан,
Шетінен тіспен шешіп көремін.
Көтере алмай жүгімді батпан,
Көз жасыңды әлі кешіп келемін.
Сеп болар ма енді сенсіз жылулық,
Серілігіндей жайын-жастардың.
Мен қол тигізбеген меңсіз сұлулық
Мекер қатынға айырбасталдың.
Сергелдең болған Сенім боздасын,
Отыздан өте өлеңнен қалып.
Тыныштық бермес сенің көз жасың
Түн баласына төбемнен тамып.
Жан-жүйем еріп, ашылам сосын,
Жас бала сынды жаншылады ма?!
Пырсылдап жатып қосылам сосын
Тырсылдап тамған тамшыларыңа.
Ана дүниеге асыға берме,
Адасқан жүрек аңсары неден?!
Жастықты шылап жасыма кейде,
Талықсып оянам таңсәріде мен.
Ақ боран соғып, бүрсеңдеседі,
Аңғал да аңқау ақ қоян кезің.
Кімнің көз жасы?!.
Білсем де соны,
«Түннің көз жасы» деп қоям өзім.
Өзіме лайық жүгімді тартам,
Аямас тағдыр «Ақынсың ғой» деп.
Күпір боп, ақтап күнімді талтаң,
Қайтемін босқа батырсып өйдеп?!
Үш қыр астындағы үніңді, қалқам,
Жәдігөйсіп қайтем «Жақынсың ғой»деп?!
«Оқысаң осы жырымды, қалқам,
Өзің де сезіп отырсың ғой» деп,
Өзімді-өзім жұбатып қоямын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу