Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  79


Автор: Рахат Қосбармақ

Көш кеткен жұртта қалғандай көңілім құлазып...

Көш кеткен жұртта қалғандай көңілім құлазып,
Жалғызсырап жүрмін, жаным-ау, білесің бе сен?!
Адам біткеннің бәріне Сенімім жүр азып,
Жайқалған бағым – жалаңаш, күл толы күресін – көшем.

Түңілтсе-дағы тіршілік түніне құрсап,
Бақытқа байғұс адамзат тоймайсың да екен.
Күңіреніп жүрген жанымды күлдіріп,
Күніне бір сәт,
Бір мәрте болсын мен жайлы ойлайсың ба екен?!
Теңіздей шалқар сезіммен тереңдік үндес,
Жағаға ұрып толқындар жаныңда, көкем, шулады ма екен?!
Еске алу, шаршау, сағыну, аңсау дегенді білмес
Еш қайғысы жоқ есуас, есек боп неге тумадым екен?!
Жанарға тұнды жас болып, жарығым, жанымдағы шық,
Сарыуайым жеп, сандалған ғашықтың санасы өзгерді.
Жүректің қабы жарылып, тәнімнің тамырлары ісіп,
Арнаға сыймай жырларым, ақ өлең, қара сөз болды.
Білемін, жаным, емесін саған да оңай,
Біз осы соны Тәңірден тіледі дейсің бе?!
Алапат сезім ақылды ап, айдайды аранға қарай,
Адасқан жүрек ақ жолды ап-айқын біледі дейсің бе?!
Қара түндерді қамыт қып, қаншама қажып ақ таңда,
Жартыкеш тірлік кешкенше, жалын боп жанып кетсем ғой.
Ақ қағазыңды алдыңа ап, жазып жатқанда
Қалам ұшына оралып, қайғы боп тамып кетсем ғой...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу