Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  79


Автор: Рахат Қосбармақ

Ішіңе түскен ащы іріткі сынды

Ішіңе түскен ащы іріткі сынды
Бүктелтіп, бір уайым бүк түсірді.
Мен – сенсіз, сенің – менсіз тұра алмасын
Біз түгілі, былайғы жұрт түсінді.
Араға қырық төрт күн салып келген
Жүздесу жүрегіме жүк түсірді.
Қызғаныш – қызыл азу жолбарысым,
Қалайша жүгендеймін жыртқышымды?!
Көркіңді көзбен сұлу мүсіндесем,
Сымбатың сымдай түзу пішінде сен;
Құтыртып нәпсі құртын өзгелердің,
Құмарсың жұрт көзіне түсуге сен.
Бақыт-құс баяғыда қонар еді-ау –
Бағаңды басқаларға түсірмесең.
Қаншама ескерткенмен, ем болмады,
Қайтейін, қателігіңді түсінбесең?!
Аққудай айдындағы кербездендің,
Күн шыға көлеңкеңді көлде іздермін.
Емін кім табушы еді екі дүниеде,
Есінен айрылып, ел кезгеннің?!
Мен де сол – «ғашықпын» деп ғазал жазып,
Жетесіз диуанадай жер кезгенмін.
Ақыры салқын ой мен сабыр жеңді,
Бұл күнде сен де өзгердің, мен де өзгердім.
Бұлақтай жылап аққан жылғадағы
Жанымда жалғыз шыбық ырғалады.
Құдай-ау,
Күткен күндер қайда қалды
«Кешікпей кеп қалар, - деп, - бір хабары»?!
Жолыңнан жаңылыстың –
Суретшідей
Қолынан ұшып түскен қылқаламы.
Қамыққан сәтіңде сол, қалқам, сенің
Жас-тамшы жанарыңнан сырғанады.
Жандарын ғашықтардың ғарыш күтпек,
Арманын аялаумен бар іс бітпек.
Арада қаншама күн өтсе-дағы,
Айтпаймын «Бақыт құшып, бал іштік» деп.
Екеуміз бір алыстап, бір жақындап,
Антұрған алуан оймен алыстық көп.
Қанбаған қайғы уына қасқалардай,
Таңғалам «Сол шәрбаттан тағы іштік» деп.
«Көрмесе, тұра алмайтын сезім қайда,
Ендеше, неге біздер табыстық?!» деп.
Көңілім қиялменен көріп көкті,
Өмірін өзгелердің көрікті етті.
Қаншама мен тұрақсыз болсам-дағы,
«Сен олай етпейді» деп сеніп кепті.
Кеудеме бір күмәнді ой еніп кетті,
Жанымды күдік кеулеп, жеріп кетті.
Жүрегім – жүз қыздан да артық көрген
Шыдамай бұл сыныңа, өліп кетті.
Аттамау керек еді ардан, жаным,
Көз сүзіп көне берсең, бөрік көп-ті.
Қаншама «шыдамдымын» десең-дағы,
Қайтейін, әйелдігің жеңіп кетті.
Ебідей ерке желі есіп алдан,
Тірлікте талайлардың көші қалған.
Құмарлық құс-жастықты құшақтатып,
Қу нәпсі талайлардың есін алған.
Сен де сол көптің бірі болып қалдың,
Аңдамай ар көйлегін шешіп алған.
Немесе семсер білек секілдісің
Жарасын тырнаймын деп тесіп алған.
Өкініш өртеп сосын өзегіңді,
Бармағын байқаусызда кесіп алған.
Мейлі, сен не десең де, о десең де,
Мен сені осы жолы кешіре алман!
«Сүйем» деп өзіңді-өзің босқа алдадың,
Сөйттің де, болашақты бос қармадың.
Жеңілтек ойларыңның жетегімен
Желпініп, кемел ойды кеш қолдадың.
«Серігім болады» деп сенген едім,
Сен маған сезімге адал дос болмадың.
Ендігі тіршілікте мағына жоқ,
Егілмей, айрылысалық,
Қош бол, жаным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу