Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  54


Автор: Рахат Қосбармақ

Уақыт шіркіннің келе ме күзі...

Уақыт шіркіннің келе ме күзі,
Ұлы соқпақтың көнереді ізі.
Мен саған неге байланып қалдым,
М... ақсақалдың немере қызы?!
Мен сені, қалқам, неге қаладым?!
Мейірімімді төге қарадым.
Басқа сұлу да аз емес еді,
Бақытқа сені неге баладым?!
Жүрегің тола ән шығар мүмкін,
Жүзіңді көрсем, аршылар бұлтым.
Үштаған менен Сам құмдарының
Ұқсастығы да бар шығар мүмкін?!
Ақсұңқар-көңіл жүрегі жанып,
Аққуын көлдің іледі барып...
«Алты жас үлкен аруға ғашық
Алаңғасар» деп күледі халық.
Өкінген сәтте «Өмір-ай!» дедім,
Орындалса ойым, «О, Құдай!» дедім.
Талай шықпай қап шақырған сәтте,
Талқан қылдың ғой көңіл әйнегін.
Демеймін саған:
«Жәй, бекер едің»,
Төбеме сені Ай көтеремін.
Біреудің жарын құлай сүюдің
Білмеппін артық қайғы әкелерін.
Ашығын айтсам, оғаш па, қалқам?!
Алдағы күнге бал ашпа, қалқам.
Сені сүюдің азап екенін
Сезбедім, рас, о баста, қалқам.
Құдірет-өрттей құшағыма алып,
Құлын мүшеңді құшамын барып.
Жарының асау, арда жүрегін
Жаңайдың қызы, тұсадың анық.
Ұғынтса уақыт бәрі бекерін,
Неғып мен енді налып өтемін?!
Жарығым менің,
Сен сезіндірдің
Жар төсегінің жалын екенін.
Теңіз-сезімнің тегін ұқтырдың,
Кеудеңе жыр боп төгіліп кірдім.
Қатал жүрегіңді мен жібіттім де,
Қамсыз күлкімді сен ұмыттырдың.
Көңіліме күлкің лағылша қонды,
Табады жүрек жаңылса жолды.
Тек менің кейде тентек нөсерімді
Тежейтін күшің табылса болды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу