Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  83


Автор: Рахат Қосбармақ

МӘЖНҮННІҢ ХАТТАРЫ

Жұрт сені «менмен» дейді,
Сене алмаймын,
Жел сөздің жетегіне ере алмаймын.
Өзіме жететұғын өрлігім бар,
Тәкаппар көкірекке көне алмаймын.
Мейлі, жұрт не десе де, о десе де,
Мен сені ешкімге де бере алмаймын!
«Мінезсіз» дейді сені мына халық,
Көңілімде көп пікірі тұрары анық.
Дегенмен, өз ойымды өзгертпеймін,
Мойыман, мойынымды бұра қалып.
Тап сендей таң сипатты, қыз-қылықты
Таппаспын іздесем де шырақ алып.
Айта алман «Көңілім бөлек күйге енді» деп,
«Елге еріп, сенен көңілім жиренді» деп.
Кеудемнен қаншама рет итерсең де,
Мен саған қол сілтемен «Мейлі, енді» деп.
«Ол сенің теңің емес» деген сөзді
Өлшемің ете алмады сүйген жүрек.
Ғашықпын саған ғана,
саған, жаным,
Жауқазын жаны гүлдей ақ арманым.
Рас екен «Сүйген жүрек – соқыр» деген,
Бойыңнан бір кінәрат таба алмадым.
Сан-саққа жүгірткенмен санасыз жұрт,
Саған мен тарыдай мін таға алмадым.
Өзгеше ләззат алып өнеріңнен,
Ту қылып, тұмар етіп келемін мен.
Тұнығы лайланбаған көлдей көріп,
Тұмадай қанып іштім тереңіңнен.
Әйтеуір мені сендей көтеретін
Ешкім жоқ екеніне сенемін мен.
Көңілі сүйген жанның қала ма екен?!
Сезімімді көрге бірге ала кетем.
Ешкімнің қолы жетпес еңлікгүлдей
Шыңдағы шынарыма балап өтем.
Мәңгілік Ләйлі сынды дидарыңа
Мәжнүннің көзіменен қарап өтем!
Көз тігіп үмітпенен кешкі күнге,
Жас жүрек зарыққан күй кешті мүлде.
Сергелдең болған сондай сәттерімде
Сен ғана сөйлесетін дос тілінде.
Жүгінем жүрегімнің үніне тек,
Келмейді басқа ештеңе естігім де!
Мен – сенің жұлдыз шашқан жолыңдаймын,
Сенсіз өмір – қараңғы,
Мойындаймын.
Кетсек те жер түбіне жеткізбейтін,
Қол ұстасып жүруге қорынбаймын.
Жүз жерден лауласа да өсек өрті,
Жүрегімнің айтқанын орындаймын.
Беу, дүние, нағыз сөзді надан көрген!
Арасын арам ойлы адам бөлген
Аз ба еді арманда өткен ғашық жандар,
Солардың махаббатын маған берген.
Өсегін айта берсін өзге халық,
Кеселін көріп алдым содан келген.
Сен – менің сезімімді қозғап кеткен,
Сол шоқтан сөнбес алау маздап кеткен.
Айтарын айта берсін ақымақ жұрт,
Кесірі кейде тие жаздап кеткен.
«Ит үрер, керуен көшер, сенім қалар»
Деген бір бұрынғыдан сөз қап кеткен.
Жырласам сені таңды таңға ұрып мен,
Жан сырым жетер ме екен жаңғырықпен?!
«Күлімдеп тұрса екен, - деп, - алдымнан тек»,
Күтемін нәркес көңіл, нәрлі үмітпен.
Тәңірдің шың басына қойған гүлі,
Тәу етіп өтем саған мәңгілік мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу