Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  84


Автор: Рахат Қосбармақ

Сен кеткелі жырым да жылау болды...

Сен кеткелі жырым да жылау болды,
Көзім – жасты, көңілім – бұлау болды.
Саған қарай сан мәрте көтерілген
Сындырып тастар ма еді мынау қолды?!
Неге сүйдің, жаным-ау, несін мені?!
Кесілгір бұл қолым да кесілмеді.
Қолға қонған бақытты басқа тептім,
Қош бол, жаным!
Кеше алсаң, кешір мені!
Жарығым-ау!
Жасымнан сапарлассың,
Талай дәмді бірге енді тата алмаспын.
Көп қорлығым көрсеткен еске түссе,
Көрімде де мен тыныш жата алмаспын.
Өртті жырым төгілді өзегімнен,
Кең дүниені кеще боп кеземін мен.
Өміріңнен өшсем де мәңгілікке,
Көңіліңнен көшпесін сеземін мен.
Көп із қалды артыңда тағылымды,
Сағынармын салмақты сабырыңды.
Ағайынның аяулы келіні едің,
Қайран гүлім!
Кеш білдім қадіріңді!
Қара қарғыс арқалап, қайғы алдым мен,
Жалт бұрылып құшағын жайған күннен.
Екі бірдей сәбиін есерлікпен
«Тірі жетім» атантқан айуанмын мен!
Көкесінің көп уақыт білмес үнін,
Мен боп бір күн тербейді жыр бесігін.
Азамат боп өскесін ақ құлыным,
Атымнан тек сұрашы бір кешірім!
Жыл артынан жыл өтер, дөңгелер күн,
Мезгіл жетіп, ақыры мен де өлермін.
Кешіре гөр, анашым, ақ сүт берген,
Сені де мен тірілей жерге көмдім!
Бейбіт шырқын бұздым мен берекеңнің,
Мен кетірдім сәнін де мерекеңнің.
Кешір, тума-тумалас, ағайындар,
Адамзаттың азғыны мен екенмін.
Есіміме ертең-ақ ел күледі,
«Ақын емес, пақыр» деп ел біледі.
Құтылмаспын тозақтың төрт отынан,
Құшағыңа ал, қара жер, енді мені!
Мен қара жер жыртығын бітемеспін,
Бірақ енді ешкімге құт емеспін.
Мендей жауыз келмесін бұл дүниеге,
Маһшар күні молама тікен өссін!
Айналайын, адамдар, алтынсыңдар,
Жаман сөзбен жанымды жаншырсыңдар...
...Соңғы жырды жазды енді сорлы қалам,
Сол қаламды қабіріме шаншырсыңдар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу