Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  107


Автор: Рахат Қосбармақ

Сені сүйгенмін, жаным...

Сені сүйгенмін, жаным,
Көңілсіз күйге ендім, жаным.
Тағдырдың тас астауында
Лай болып илендім, жаным.
Сені ұнаттым, жаным,
Нұрысың шырақтың, жаным.
Сол нұрды сыйламай маған,
Сорлыңды жылаттың, жаным.
Сені қаладым, жаным,
Бақытқа баладым, жаным.
Ал бүгін арман-құсыңа
Ұқсамай барамын, жаным.
Сені таңдадым, жаным,
Өзіңсің арманым, жаным.
Қиналтты-ау бәрінен мені
Қиянда қалғаның, жаным.
Сені сағындым, жаным,
Жабырқау, жаным мұң, жаным.
Екеумізді еңіретердей
Тәңірге неғылдым, жаным?!
Сені аңсадым, жаным,
Шалдығып, шаршадым, жаным.
Үміттің үйін қар басқан,
Келер күн – сары сағым, жаным.
Сені ойладым, жаным,
Өзіңе байладың, жаным.
Сезімге оңай тимеді-ау
Сенделтіп қойғаның, жаным.

Сені іздедім, жаным,
Сеземін күз лебін, жаным.
Күт мені күнбе-күн аңсап,
Үмітіңді үзбегін, жаным.
Егіліп қаларсың, жаным,
Есіңе аларсың, жаным.
Сәлемімді алып ұшса екен
Самолет-хабаршым, жаным.
От болып жанарсың, жаным,
Гүл болып соларсың, жаным.
Темір емес төзімім менің,
Тезірек оралшы, жаным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу