Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  63


Автор: Рахат Қосбармақ

Сүйгенсің мені басында...

Сүйгенсің мені басында,
Сүйкімсіз болдым, расында.
Зорлықпен келген жандайын
Зорға жүрсің сен қасымда.
Ақырзаманның мен ақыны,
Жау екен оған жақыны.
«Алдадың, - дедің, - сен мені»,
«Алдандым» дедің ақыры.
Өзім боп кейде төгілсем,
Өлеңдер жазам өміршең.
«Ұлы екенсің ғой» деп жүрсем,
Ұсақ па едің?!» дедің сен.
Іске аспады бір дегенім,
Ірің боп ішкен-жегенім.
Суытқан әлде көңіліңді
Сұлу сөздерім бе менің?!
Неге сен суып көңілің,
Неліктен менен жерідің?!
Сең соққан жандай сенделіп,
Сергелдең болды өмірім.
Адамын жастық желіктен,
Айырмам да аз өліктен.
Әйтеуір еріп соңыма,
Әуелде сүймей келіп пе ең?!
Түбіңде қарау бұқты ма ой?!
(Бүгінде әйел мықты ғой).
Қыз кезіңде тым жақсы едің,
Қылығың кейін шықты ғой.
Қолыма құс боп қондың сен,
Жолыма гүл боп өндің сен.
Бақытымның да басы едің,
Сорымның соңы болдың сен.
Кеудені қайғы кернеді,
Сезімді ақыл жеңбеді.
Қиын ба едің, Махаббат,
Қиналттың-ау сен мені!
Арнар едім әнімді,
Аямас едім жанымды –
Құлдықтай мынау тамұқтан
Құтқарар мені жан болса,
Берер едім барымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу