Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  120


Автор: Рахат Қосбармақ

СЕРГЕЛДЕҢ НЕМЕСЕ БІР ОТБАСЫНЫҢ ТРАГЕДИЯСЫ

Сүйдің бір кез...
Ол анық,
Мен де сүйіп, өпкенмін.
Мейірімің жоғалып,
Мені неге жек көрдің!?
«Жаным» дер ең құшақтап,
Жазу болсам тастағы.
Ұлы сезім ұсақтап,
Ұнаттың ба басқаны?!
Сыңайыңды сезгемін,
Сырт айналдың несіне?!
Түңілдірген кездерім
Түсті ме әлде есіңе?!
Қараңғыда қармана,
Қан басты ғой көзімді.
Салдың неге саудаға
Саф тап-таза Сезімді?!
Қара дүлей бір мықтың
Қайырғандай топшымды.
Енді мынау тірліктің
Ешбір мәні жоқ сынды.
Осыларды ойласам,
От боп жанар өзегім.
Қол созғандай Айға сан
Қолайсыздық сеземін.
Оңышпадым әйелмен,
Онсыз-дағы аз несіп.
Кейде байтақ әлемнен
Кеткім келер баз кешіп.
Ей, жүрегім, сормаңдай,
Емес дүние, үй қайғы –
Кетер едім ойланбай,
Кейінгілер қинайды…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу