Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  281


Автор: Рахат Қосбармақ

ЕСКЕ АЛУ

Кей-кейде сізді бетке алып,
Кешкілік үйден шығатынбыз.
Жадыңда бар ма, жоқ па анық,
Төртінші қабатта тұратын қыз?!
Кездейсоқ сені сүйіп пе ем,
Кеудеге сезім қалғандай қонып.
Қол бұлғаушы едің биіктен,
Қолым жетпейтін армандай болып.
Жүрегің жібіп бір демде,
Санаңды жаулап, сағындыра алмадым.
Төрт жылдай бірге жүргенде,
Төртінші қабатты бағындыра алмадым.
Ақ бұлтпен, жырым, астасқан,
Аспанға асау қарғындай атыл!
Қойныңды маған ашпастан,
Қол жетпей мәңгі қалдың ғой ақыр.
Дәруіш-дүние, дәл білсем,
Бір опа көрмей өтем бе өлеңнен?!
Оқжетпесім боп қалдың сен,
Желжетпес-қиял «Жетем» дегенмен.
Көңіліме қаяу салды тек,
Кешіріп тұрып, кешірмегенің.
Ләззатты шақтар қалды тек
Тіліңде сенің, есімде менің.
Сенделіп жүрген сәттерде
Сері көңілмен сені сүйгенбіз.
Есіңде бар ма, жоқ па әлде,
Ешкімге ұқсамай мені сүйген қыз?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу