Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  71


Автор: Рахат Қосбармақ

МҰҢ

Көпке дейін көнермейді жан сезім –
Көңіліңнің айдынына кім қонса.
«Келме» дедің,
Келмес едім – сол сөзің,
Сызып таста жүрегіңнен, шын болса.
Жерге түссе, жедел еріп тыста қар,
Бақытсыз ғой – бала қайың жылап тұр...
..Осы сөзің рас болса, ұстап ап,
Сол төртінші қабатыңнан лақтыр!
Мұнда ешқандай жоқ көңілді көрініс:
Мұнар тарқар –
Мұңаймаңыз, жапырақ!..
Қиналдың-ау...
Қиял, сәл-пәл шегініс –
Қимас көзбен қарап тұр ол бақылап...
Құлазыма, құлағың сал, қу бұта,
Қалқам, бұлай қайғырмайды мұндайда...
...Жанарымнан жетім-жұлдыз сырғыта,
Қайтып барам...
Батып барам мұңды ойға...
...Жігерсіз-ау,
Жіберме ойды еркіне,
Жігіт деген жылай ма екен, о, бәлі?!.
...Өз қолымен салған сезім өртіне,
Құдіретке – жұлдыз-жастың обалы..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу