Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  81


Автор: Рахат Қосбармақ

Жамылмаған кез еді жер желегін...

Жамылмаған кез еді жер желегін,
Сен маған «Келме» дедің, «Келме» дедің...
Содан бері...
Ай аунап, апта жылжып... Дүние дөңгеледі.
Сезбедің ғой сен деген жүрегімнің
Кеберсіп еріндері, шөлдегенін.
Содан бері...
Қаншама көп күн өтті,
Сағыныштың салмақты сары бұлты
Түйіліп кеп, түнеріп, төкті-кетті.
Аңсау толы шаршаңқы жанарымды
Аймалап аңқау самал,
Ақ түн өпті.
Неге ұмыттың құс-күндер, түс-түндерді?!
Егіліппін...
Ертеңіме елеуреп ұшқым келді.
Беліңнен қылдай нәзік қысып тұрып,
Бейнеңді қызыл ала халат киген
Құдірет құштарлықпен құшқым келді.
Сен мені керек етпей,
Мен жүрдім меңіреу-хал көбелектей.
Дариға-ай, неге қалдым бұл тамұқта,
Көзімнен бұл-бұл ұшқан көгілдірлеу
Елесіңе ере кетпей?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу