Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  89


Автор: Рахат Қосбармақ

СОҢҒЫ СӨЗ

Мәңгілік мұңым болдың сен де менің,
Сең соққан балықтайын сенделемін.
Жолданған жүрегіме оқтай болды-ау
Сол жолы кездесуге келмегенің.
Аялай алдың ба, айнам, көктем гүлін,
Өтті ме, бәлкім, менің өктемдігім?!
Қимайтын қызғаншақтау жүрегімді
Қинайтын – тек түсінбей кеткендігің.
Арманның абат бағын аралармын,
Мен бірақ жазылмастай жараландым.
Көңілімде – көне алмаған мінезіме
Көп қыздың бірі болып қала бардың.
Морт па едің «Шын шыдамды екен» десем,
Несіне сүйдің мені бекерге сен –
Аздаған ашуымды көтермесең,
Азғантай асаулығымды көтермесең?!
Кеудемнен сорғалаған сөз өрілді,
Жанымнан жанталасқан сезем үнді.
Аялай алмайсың ба ақын жанын –
Несіне өртедің сен өзегімді?!
Талқан қып тастан берік төзімді де,
Сел болып аққан мынау сезім, міне.
Кінәлап кімді қирата алармын мен,
Сөкпейін сені де мен, өзімді де.
Жанымды торлағанмен сұрақ-күдік,
Қайтемін өзіңе тас лақтырып?!
Басқаға бақ сыйласаң болғаны да,
Тілеймін бақытыңды жылап тұрып.
Алдымда көп болғанмен мұрат-міндет,
Кім менің арызыма құлақ түрмек?!
Мақтан қып кейінгіге айта жүр сен:
«Асқақтау бір Ақынды құлаттым» деп,
«Ақкөздеу бір Адайды жылаттым» деп.
Құлдилап, құзарынан құлап Ай-Күн,
Тартылып, тақыр болды бұлақ-айдын...
...Осы тек болсын соңғы жылағаным,
Мен енді ешқашанда жыламаймын!
Көңіл деген – бір нәзік шыны ма екен,
Адамдар – сол көңілдің құлы да екен.
Таспейіл тағдырыма ерегесіп,
Мен енді өмір бойы күліп өтем!
Ей, жұртым!
Арзан ойға бас бермеңдер,
Қасіретін жігіттердің қастерлеңдер.
Жылаудың не екенін біледі сол –
Көзінен көкжал ердің жас көргендер!
Күй кешкен бақытты жүз, балбыр өңді
Күндерім қыр астында қалды ма енді?!
Басқа мен не айтайын, бақытты бол,
Қайтейін, қош бол, қалқам, мәңгіге енді!
Әлі де көңілімнің арманы көп,
Айтылмай, көкірегімде қалғаны көп.
Ойыңа анда-санда түссем болды,
Түсіңе кіріп жүрсем, болғаны тек...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу