Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  113


Автор: Рахат Қосбармақ

ҚАРА ГҮЛ

Қос ғашық, әне, жүзі – күн,
Қырға бір көзің жіберші.
Іздеп жүр олар қызылын,
Ал маған қара гүл – енші.
Жығылды мәңгі жалау-жыр,
Тым ерте көшкен көктемдей.
Алатау бойы – алау-гүл
Қап-қара болып кеткендей.
Қап-қара гүлін тағынып,
Ұмтылды көңіл арайға.
Қап-қара шәлі жамылып,
Налып тұр мынау маңай да.
Жүректің жібі сетінеп,
Бұлқынды неге құрғыр-ау?!
Қарау ой толы көкірек,
Қара гүл толы қыр мынау.
Қайғысы – теңіз орасан,
Өкінді жүрек, өкінді:
Қап-қара гүлге қарасам,
Қан исі шығар секілді.
Жоқ енді мәңгі, жоқ енді
Мен арман еткен жан бүгін.
Тек қана тербер әлемді
Қара гүл тектес тағдырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу