Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  88


Автор: Рахат Қосбармақ

Мен сені сүйдім –

Мен сені сүйдім –
Сағынышым сағымға айналып,
Көкірегімдегі бір жапырақ ет
Жасыл шоқ шашып, жалындай жанып.
Өрттей лаулаған өз сезімдерім
Өз еркіме бір бағынбай қалып.
Мен сені сүйдім –
Жігітке біткен жігерлі жанмен,
Өзекті өрт боп шарпыды-дағы,
Кеудеме келіп, тірелді бар дем.
Өлең тербеткен сел-сезімімді
Өз еркіне бір жібердім әлден.
Мен сені сүйдім –
Көркіңе бірден көңілім құлап,
Өзің бір маған демеушім болшы,
Өтпесін десең өмірім жылап.
Әдемілікке бас иген жанға
Әмір ете алмас Тәңірің бірақ.
Мен сені сүйдім –
Ақыл-ойыңа арбалып жаным,
Көргелі сені көңілім – жүдеу,
Тілегім – жалғыз, арманым – жарым.
Мен сені сүйдім адайлық қанмен,
Алаулап бойда ақ жалындарым.
Мен сені сүйдім –
Сүйе алмас сені мендей ешкім де,
Тарыла берді жазира-жаным –
Тағдыр тартуын көрмей өстім бе?!
Бейуақта келіп, берекетімді алып,
Кезіккен сыйдан кенде емеспін де..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу