Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  124


Автор: Рахат Қосбармақ

САҒЫНЫШ

Жастықты жасқа малған түндер өтті,
Шаттығым өзіңменен бірге кетті.
Көңілдің көкжиегін бір уыс қып,
Бұл тағдыр бұла жанды діңкелетті.
Салады саған арнап жүрек әнін,
Есімде есеңгіреп құлағаным.
Мейлі, мен құласам да, жыласам да,
Әйтеуір саған, қалқам, ұнамадым.
Күй қажап, күңіренген күндер өтті,
Сонда да бұза алмадым бір бөгетті.
Суыған сезіміңе шоқ боп түсер
Дүниеге өрттей өткір жыр керек-ті.
Алаң қып ауырлау бір мәні бар мұң,
Ернімде бал шақтардың дәмі қалды.
Жүректің түкпірінде сен жатарсың,
Мейлі, мен зарығармын, тарығармын.
Тамырдың лыпылына дарып әнім,
Жүректің тереңінен табыламын.
Арманның аясында сағым қуған
Алаңсыз сол шақтарды сағынамын.
Төсекте төңбекшіген түндер өтті,
Жүрегім – қырық жамау, мың бөлек-ті.
Қалқам-ау, қайырылып бір қарашы,
Бар қызық өзіңменен бірге кетті...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу