Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  124


Автор: Рахат Қосбармақ

АРАЛ – АТЫРАУ АЗАСЫ

Айдаһар толқын!
Ақ жалын шашып, айбар-от,
Жігерімді менің жалаң жартасыңа қайрап өт!..
Қарт Атырау жалды арыстандай арқырап,
Айбат шегеді:
«Серігім Арал қайда?» деп.
Азалы Атырау Аралын іздеп қайғырып,
Ақшаңқан қала көгіне шашын жайды бұлт.
Толқыны тулап, тасып жататын,
Астау-арнасынан асып жататын Атырау
Қалғандай шөгіп, айбын-ажарынан айрылып.
Сабын-көбігін сапырған мынау шақ қандай,
Алапат күшпен ақ толқындарын аспан астына атқандай.
Сабырлы Ақтау қабағын түйіп, түнеріп,
Қайғысы батпан, буырқанып жатқан
Теңізге көңіл айтқандай.
Суалғандай боп даланың сыңар жанары,
Қарт Атырау – қасіретті қария, қаралы.
Көк айран-дария көбігін шашып долданса,
Шаңырақ-көкте шағала безек қағады.
Жүректің төрін мекендеп мынау қарт әні,
Әр кеуделерде арайлап атты Ар таңы.
Адайдың намыс қайрағы болған,
Атамекеннің айбары болған Атырау
Ақырғы үмітін адамзатқа ғана артады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу