Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  131


Автор: Рахат Қосбармақ

АТЫРАУ

Атыраудың алабы – әуен тұнған,
Әуен шіркін әуелеп, әрең тынған.
Қайып зарлап барады, қарашы, әне,
Қарақасқа ат... Қаралы ер... Қара ер-тұрман.
Әумесерден өзгелер ән ұғады,
Жанартау боп жүрегім жарылады –
Түн баласы төсекте төңбекшітер
Махаңдардың қиқулап әруағы.
Шықсаң белге құламен құйықтырып,
Жорғасынан жылқының бүлк-бүлк;
Құрманғазы күйлерін ұғынады
Құмбыл белдер құлағын тігіп тұрып.
Көп сырларды көмкерген көк жібекпен,
Көз жіберсең көнеге көп жыл өткен –
Көк найзасы көл-көсір көкке сүңгіп,
Сүйінқара көрінер көкжиектен.
«Жаным» деген жалғызы, серті-жыры,
Майып болып Манашы – «бөлтірігі»;
«Күйкен ұшқан» басынан күңіренген
Күй келеді... Зарланған кемпір үні...
Қазанаттың ізіне қақ тұрады,
Қара ниет лайлайды ақ тұманы.
Досан кетіп барады дөң үстінде,
Барған сайын алыстап ат тұяғы...
Атыраудың алабы әнге толы,
Әр сексеуіл-бұтасы әндетеді.
Мұнаралы Маңқыстау атырабы –
Сан саңлақтың сары құм, сал-мекені.
«Құдай» болып жүр қазір құрамалар,
Дарын деген – бала емес сұрап алар.
Атырауда туған соң,
Ақын болып
Жаратылмау – меніңше, күнә болар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу