Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  143


Автор: Рахат Қосбармақ

АТАМЕКЕН

Ұлы аталарың ұрандап өткен ұланғайыр атамекенде
Ақылға сыймас ақиқаттар да
Асқақ арманнан аласа, әлсіз екен де.
Қарсақ та жортпас қара жондарға қаптапты бүгін қалалар,
Ғарышқа қарай омырауын ашып, ойларға батқан Дала бар.
Халқымның жауға қатал пейілі ғой – Далама ғана тән түнгі ызғар,
Арулар таққан ақ моншақтардай жылтырар көктен жұлдыздар.
Қаһарлы ердің қайқы семсеріндей қайқиып туған Ай-орақ
Қайсар жанармен қарайды жерге аппақ нұрымен аялап...
...Қара шекпенді тұңғиық Түннің мақпал пердесін көтеріп,
Ақ жамбыдай боп Күн шықты, міне, алау арайлы от өріп.
Бозторғай көкте ілініп тұрып, сорғалатып бір салды ащы ән,
Жыршы жүректің сайраған сазы аппақ бұлттарға жалғасқан.
Саумал ауаны сіміре жұтсаң, сарайың кеңіп, ашылар,
Кеудені кернеп бір желік сезім, көкіректе күй тасынар.
Қалғып бір кеткен қара дәулердей дөңкиіп жатқан әр дөңі,
Сарыөзек болған сағынышыңның қимас жібіндей сары жолы.
От-тұяқтарынан ұшқын шашырап арғымақтары ақ маңдай,
Қайыру бермес қазақтың асау,
арналы күйін аңыратып бара жатқандай.
Дариға-ай, Дала,
Кеңдікке келсе, байтақсың-ау сен – жарты әлем,
Адамдар менің атамекенімді қалай өлшейді екен картамен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу