Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  263


Автор: Рахат Қосбармақ

КИЕЛІ МЕКЕН

Маңқыстаудай маң өлке –
Біздің туған жер болар.
Топырағына аунаған
Толағай-жүрек ер болар.
«Адайдың жеті қайқысы»
Шырқап өткен төр болар.
Жеті жұрттың жақсысы,
Бағасы биік зор болар.
Қайырмасы:
Сағынышым – Маңқыстау,
Бақ-ырысым – Маңқыстау.
Арттағыларға аманат –
Абыройыңды алға ұстау.
Сүйінқара, Шабайлар
Әруағы қозған жер.
Құлшар, Есір, талайлар
Абыройы озған жер.
Тарихы мен тағдырын
Тас-кітапқа жазған жер.
Қазыналы түбекті
Халқым бүгін қазған жер.
Қайырмасы.
Ақпа өлеңнің атасы
Абыл ақын туған жер.
Төкпе жырдың төресі
Қашаған белін буған жер.
Нұрым, Түмен, Сәттіғұл
Кіндік қанын жуған жер.
Қарсы келген дұшпанын
Қаһарымен қуған жер.
Қайырмасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу