Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  196


Автор: Рахат Қосбармақ

БӘЙШЕШЕК

Жан-тәніммен далалықпын, ұғынса ел,
Жанарым – көл,
жүрегім – күн,
тілім – шөл.
Сары медальді, ақ күлтелі бәйшешек –
Көз ашқалы көрген тұңғыш гүлім сол.
Далам менің!
Төскейі – гүл, төсі – жыр,
Дала ұлының сырласы – көк, досы – қыр.
Еншіге алған еркесіндей өлкемнің
Біздің жақта көп өседі осы гүл.
Бәйшешек-гүл көп өседі біз жақта,
Сырын бүгіп, құлпырады сыз жоқта.
Жібітеді көктем нұрын себелеп,
Көңілдерді қалған қыстай мұз қаптап.
Көгорайлы көктемнің бір кешінде
Алғаш рет гүл сыйлағам, есімде.
Пәк сезімнің жаршысындай осы гүл
Діріл қаққан балауса қыз төсінде.
Далам менің!
Төскейі – гүл, төсі – жыр,
Дала ұлының сырласы – көк, досы – қыр.
Сипап тұрып ақ күлтесін аялай,
Анама алғаш сыйлағаным – осы гүл.
Аппақ нұрын төгетұғын аспаны,
Сұлулықтың жазылмаған дастаны;
Көктем шыға құлпыратын қырларда
Бәйшешектей – біздің жақтың жастары.
Далам менің!
Тәнің – топырақ, тегің – жер,
Көктем шыға, көк өскінге төрің бер.
Бәйшешектер көп өседі біз жақта,
Бар және де бәйшешектей...
Өмірлер...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу