Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  89


Автор: Рахат Қосбармақ

ДАЛА ҰЛЫНЫҢ САҒЫНЫШЫ

Қабағы тұнжыр «қарағым» едім бұрын да,
Қалаға келдім – қасаңсып кетті жырым да.
Қарлығып қалды үнім де,
Қаймығып қалды тілім де.
Қаудырлап қалды киімім,
Имиіп қалды иінім.
Есіткенді еңіреткен,
Тыңдағанды тебіренткен,
Әншейінде әуелеген әнім қалды әр жерде,
Талпына бердім қарманып, тасталғандай тар көрге.
Көкірек қабым тарылып,
Төрт тіректі тағым жарылып;
Аяқ асты айнып ақ теніз,
Құбылды құрсап көкше мұз.
Жылуы қашып жырымның,
Жылауық күйге ұрындым.
Күйбең тірліктің күйкілеу мұңы бара бермейтін мұрынға,
Қайсар да қатал діңі бар қара емен едім бұрында –
Ей, бүгін маған не жорық?!
Қабағым жиі қырыстанып,
Ұрт мінезденіп, ұрыс бағып;
Күн бетінен көлеңке іздеп,
Көңілім қалса, «Көрерміз» деп;
Қыларым елді – алалау,
Сірә, шікәмшіл боп барам-ау.
Қысымы қырық қала тірлігі қажытады екен жаныңды,
Даңғайыр дала көңілім
Табаға түскен тарыдай шыж-быж тарылды.
«Кешегі кеңпейіл, керім еді,
Ақылы – алдында, кейістігі – кейін еді;
Сайын даладай салқар еді,
Жадап-жүдегенді жарылқар еді.
Алыстау жүрер аламан-айғай,
Көңілі – көлдей, мінезі – майдай,
Нағыз даланың дарқан көңілді ұланы еді»
Деп бүгін кім мені тарпаңдармен таныс қылады енді?!
«Жақсылармен жыр жарыстырып,
Асау армандарын ағысты қып;
Үлкендермен үзеңгі қағыстырған,
Бағы асқанмен бақ салыстырған;
Ақпа өлеңді арналатқан,
Тілінен – бал, үнінен – ән сорғалатқан
Кешегі батырға баланған бағлан еді»
Дейтін қадір білер қайран азамат қайдан табылады енді?!
Ай аспанымның қашқалы оңынан –
Жанымның байтақ космодромынан
Жалт-жұлт еткен жай ұшқызып,
Мазама май ішкізіп,
Тыныштығымды мұң ұрлап,
Тірлігім сұрқай зырылдап,
Берекет қашып, безер ой алды ғой құрсап,
Уай, Даланың самал желі, сен сапырып соқшы тек бір сәт!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу