Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  129


Автор: Рахат Қосбармақ

ДАЛА ҰЛЫНАН СҰРА СЕН...

Қаріптермен қатталмайды ол тым әсем,
Дала заңын Дала ұлынан сұра сен.
Дала заңын ұғып алмай әуелі,
Дала жанын ұға алмассың, сірә, сен.
«Күйкілікке күйіп-піспе күбініп,
Ерге керек емендейін ірілік.
Жарлығына балап соны жазмыштың,
Үйрене біл жалғыз сөзге жығылып.
Өс санаңа сара сөзді сіңіріп,
Жалғыз жая жемегейсің жырылып.
Көппен бірге көже ішу де – көп бақыт,
Аспан-жердей – ұсақтық пен ұлылық.
Арды сатпа, ала жіпті аттама,
Ана арманын аяғыңа таптама.
Намысыңды наннан биік қадірле,
Жүрегіңе жүгін әркез тек қана!
Күңіренбе, жиғызбайды күйік ес,
Семсерменен шешілмейді түйін еш.
Жұдырықтай, жұмыр жердей жүрекке
Бабаңның бар қасиетін жиып өс!»...
Ар-ұяттың шеңберінен асырмай,
Дала Заңы сыр шертеді досыңдай.
Жазылмаған Заңның кодекстері
Басталады тармақтардан осындай.
Есті сөзге тудырмайды ел егес,
Киеліні кемітпейді келемеш.
Жазылмаған Дала Заңы қазақтың
«Конституциядан» бір мысқал да кем емес.
Дала ұлынан сұра сен:
Бозала таң қандай сырды шертерін,
Бозторғайдың жырларының көркемін.
Бөз көйлекті бозөкпелер бүгінгі
Елдің қалай танытарын ертеңін.
Дала ұлынан сұра сен:
Боз жусанның айтатұғын сырларын,
Боз төбенің жүректегі жұмбағын.
Бозінгеннің боздап салған үнінен
Бой-бой қағып қырларым тік тұрғанын.
Дала ұлынан сұра сен:
Көктем келсе, бусанады неге қыр?
Көңілдерде күйше ағады неге жыр?
Қыр бусанса – қытымыр қыс кеткені,
Жыр жұмсарса – келгендігі кең өмір.
Дала ұлынан сұра сен:
Көкжиекте көлбеңдеген көк сағым –
Аспан-жерді астастырған топса мың.
Бозала таң сайрағанда бозторғай,
Туды неге жүректерде жоқ сарын?
Дала ұлынан сұра сен:
Жұлдыз нендей сыр айтады жымыңдап,
Ай не дейді жұмбақ күліп, сыр ұрлап?
Түн толғағы таң нұрына буаз боп,
Боз тұманға бөкті неге бұлың бақ?
(Өмір заңы жалғасатын зырылдап).
Дала ұлынан сұра сен:
Қанды қақтар, қараматау суаттар,
Қабырғадан қан кештірген қуаттар;
Қайсар ерге қалай серік болғанын
Қарсақ жортпас қара жонды жырақтар.
Дала ұлынан сұра сен:
Айнакөлдер айналғанын ақ құмға,
Қара орманды қайғы алғанын уақтында.
Қара арғымақ хан саятқа мінетін –
Қазығында байланғанын аттың да.
Дала ұлынан сұра сен:
Шағырмақтанып, шатынап шыққан шадыр күн
Арайға неге бөлейді төсін адырдың?
Аспан мен жердің махаббаты ғой ол шарпысқан –
Жалыны сынды жасындар ұшқан жанымның.
Дала ұлынан сұра сен:
Жанып алғандай жартастың жалаң жақпарын,
Қазып алғандай қақ айырып жер қатпарын;
Қағазға түсіп, қаріппен қатталмайтұғын
Қатал да шақар даланың барлық салттарын
Дала ұлынан сұра сен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу