Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  180


Автор: Рахат Қосбармақ

БЕЙІТ БАСЫНДА

Әке!
Мені әлі күтіп жатсың ба,
Қабаты қалың қара жердің астында?!
Бағынатын баршамыз да пендеміз
Табынатын Тәңірі деген тақсырға.
Дүние – шолақ,
Өмір деген өтпелі,
Қанға тоймас қара жердің бөктері.
«Кісі болды» деп кінәлама, жан Әке,
«Басыма да көп келмейсің» деп мені.
Аспанымнан ақ сәулелі Күн шығып,
Таң атады, күн батады – тіршілік.
Жарық дүние жамалын тез көруге
Жанталасқан бір пендеміз құлшынып.
Қу тіршілік, қол да тие бермейді,
Ауыр жұмыс арқаңа жүк теңдейді.
Зиратыңа жиі келіп, басыңа
Құран оқып қайту қолдан келмейді.
Сондықтан да «Соқпай маған өтед» деп,
Сөге көрме «Ұмытып та кетед» деп.
Сәті түсіп, келдім, міне, басыңа,
Сен көрмеген немереңді жетектеп.
Немерең бұл – Еңлік деген борпаяқ,
Еріп келген қасымыздан қалмай-ақ.
Немерең бұл өзім қойған есімін,
Сен бар болсаң, қояр едің қандай ат?!
Қандай есім еншілер ең сен бұған?!
(Керегеңді қайтсем, Әке, кең қылам?!).
Үнсіз ғана жауап қатпай жатырсың,
Әкем менің – үнсіз қалған домбырам.
Азамат боп, атқа міндік ендігі,
Жігіт болдық, сезесің бе сен мұны?!
Қара балаң қайтты оқуын бітіріп,
«Қаламгер боп қалам, - дейді, - енді ұлы».
Қабағымды қайғы торлар сәл күлсем,
Қайран Әке, неғып үнсіз қалдың сен?!
Үнсіздікте өмір сүрер өлілер,
Үнсіз ғана қуандың сен, мен білсем.
Бейіттер көп белгісіз боп жоғалар,
Ал сен барсың – артыңда әзір бала бар...
...Андағайлап анадайдан қарсы алды
Әруақтар мекен еткен молалар.
Күн кешқұрым,
Күллі дүние тып-тымық,
Құлақтарын тіге қалған тік тұрып.
Өлі қала өстіп үнсіз тұрады,
Өмір жалған екендігін ұқтырып.
«Өлгеннен соң көмбеңдер, - деп, - тереңге»,
Өсиет сөз айтсам ба екен өлерде?!
Тірлігіме мың мәртебе тәубе айтып,
Тіс сақылдап, тітіркенді денем де.
Шіркін, дүние!
Тәттісің-ау, тәттісің,
Кім болжаған өлетін өз уақтысын?!
Арманда боп кете барар адамзат,
Алақанға қондырса да бақ құсын.
Сол өтпелі дүниені өкінбей,
Өткіздік пе қадір-сыйын кетірмей?!
Қайдам, Әке...
Жүріп өткен жолымның
Бұдыры жоқ – бетпақ қыздың бетіндей.
Тірлігінде пенде нені ойлайды,
Көкірек түбін көп Армандар жайлайды.
Өлген күні өшеді олар өзіңмен,
Тірі адамға сол қайғы!
Еһ, Әкешім!
Біз бір соны білдік пе,
Сұм дүниеде сұлу өмір сүрдік пе?!
Адам деген – келген қонақ екен ғой
Ажал деген жендеті бар тірлікке.
Қонақ екен келген төрт-бес күндікке,
Құрысыншы, бүйткен тірлік – тірлік пе?!.
...Өлер күні өмірімнің соңына
Өлеңіммен қойып кетем жыр-нүкте...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу