Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  113


Автор: Рахат Қосбармақ

ҚАЗАҚЫ ӨЛЕҢ

Табиғаттың өзіндей таза, терең
Дариға-ай,
«Жазсам, - деп ем, - қазақы өлең».
Дариға-ай,
«Жазсам, - деп, - ем қазақы өлең» –
Ала арқан, ақ кісеннен азат өлең.
Білмеймін – жазбадым ба, жаза алдым ба,
Ғажайып табиғаты ғазалдың да.
Уа, Тәңір!
Қайсарлығын бер халқымның,
Қаймықпай, қақсап кетер қаза алдында.
Жүрегін жамиғаттың жұлып алған
Артында ақындардың жыры қалған.
Дариға-ай,
Жазсам екен бір мықты өлең –
Дауылдан дара емендей тірі қалған.
Халқыммен бір еді ғой жаным әлі,
Қаншама қинай беріп неғылады –
Қайтара берді-ау қайран талабымды
Шалдардың шамырқанған әруағы.
Бағалап, ұға алдым ба бай өрнегін,
Барымды қолдан келсе, аяр ма едім?!
Салтыма қазақылық қайдан енсін,
Халқыма сіңіп еді қай еңбегім?!
Бәдәуи дүние ғой, жалған да ауар,
Бәлкім бұл бақилыққа арман болар.
Аяусыз ажал шіркін маған да ауар,
Артымда аласұрып Арман қалар.
Келмейді кемеңгер боп көк тірегім,
Кеудеде жыр өлмесін – тек тілегім.
Халқымның қажетіне жарап жатсам,
«Жазғаным сол жырымды» деп білемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу