Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  64


Автор: Рахат Қосбармақ

ЖАНСЕРІК

(Нүкенова Құралай апайға)
Тұратын биік тұғыры,
Жан-бесігіңде тербелер;
Болады екен – ғұмыры
Ұмытылмайтын бейнелер.
Астаң да-кестең ғасырда,
Өзгеріп жатқан бір күнде
Оларды, сірә, расында
Ұмыта қою мүмкін бе?!
Сенімен бірге тілегі,
Мекені – көңіл төрінен.
Жүрегіңде әркез жүреді,
Сырласып мәңгі сенімен.
Жылытар жанды тақ тұлға,
Кеудеңе егіп мол сенім.
Айналсаң жалғыз аққуға,
Айдының болар ол сенің.
Тұрлаусыз дүние-жалғанда
Төбеңе тұнжыр төнсе күн;
Жапанда жалғыз қалғанда,
Жаныңнан кетпес ол сенің.
Шыңдарың құлап марқасқа,
Қол үзіп дүниеден қоршаған;
Айналсаң жалғыз жартасқа,
Асқар тау болар ол саған.
Қара орманыңды қайғы алса,
Күлкілі күндер күрт солып;
Суалған көлге айналсаң,
Сусының болар бұлт болып.
Жақсылығыңды жұтатпа,
Адалдық – жалғыз өлшемің.
Айналсаң жетім бұтаққа,
Жапырағың болар ол сенің.
Атағы мәлім атырапқа
Керуені көшкен қанша адам?!
Айналсаң бір күн топыраққа,
Ақ күмбез болар ол саған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу